Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі болып қалды

03.09.2026 10:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Серік Жұманғарин Ұлттық экономика министрі болып қалды
282
Фото: primeminister.kz

Серік Жұманғарин вице-премьер – ұлттық экономика министрі қызметіне қайта тағайындалды, деп хабарлайды Politico.kz.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Серік Мақашұлы Жұманғарин Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі лауазымына тағайындалды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Бұл шешімге дейін Қазақстан Құрылтайының Қаржы және бюджет комитеті үміткерді қарап, оның кандидатурасына келісім берген. Мәселе Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы Конституциялық заңның отызыншы бабына сәйкес талқыланды. Нәтижесінде жиынға қатысушылар ұсынылған кандидатураны жоғары лауазымға тағайындауға болады деген қорытынды шығарды.

Қазіргі қызметінде ол макроэкономикалық, бюджет, салық және кеден саясатын үйлестіреді. Бұдан бөлек экономиканы демонополизациялау мен орта мерзімді кезеңге арналған экономикалық саясатқа тікелей жауап береді. Сондай-ақ мемлекеттік жоспарлау, қаржы секторы, тариф пен сауда саясатын қадағалайды. Оған қоса агроөнеркәсіптік кешен мен жер қатынастары жүйелеріне жауапты.

Шағын және орта кәсіпкерлікті, мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту міндеті де осы шенеунікке тапсырылған. Сонымен қатар инвестициялық саясат пен жұмылдыру жұмыстары оның бақылауында болады. Еуразиялық экономикалық одақ және Дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберіндегі ынтымақтастық мәселелерін де тікелей өзі үйлестіреді.

Серік Жұманғарин кім?

Серік Мақашұлы 1969 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Ол Мәскеудегі Ленин және Октябрь Революциясы орденді энергетика институтында білім алған. Сондай-ақ Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін және Халықаралық бизнес академиясын тәмамдаған.

Еңбек жолын тоқсаныншы жылдары кәсіпкерліктен бастап, 1993 пен 2004 жылдар аралығында бизнесте жүрген. Мемлекеттік қызметке 2005 жылы ауысып, Ақтөбе қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі бастығының орынбасары болды. Кейін осы қаланың кәсіпкерлік бөлімін басқарды.

2006 мен 2007 жылдары табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары болды. Ал 2007 мен 2008 жылдары осы басқарманы және агенттіктің облыстық департаментін тікелей басқарды.

Бұдан кейін ол орталық органдарға ауысып, 2008 бен 2010 жылдары индустрия және сауда министрлігінде сауда комитеті төрағасының орынбасары болды. Сонымен қатар сауданы дамыту департаментін басқарып, «Қазақстандық келісім-шарт агенттігі» акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары қызметін атқарды. 2010 мен 2011 жылдары «NadLoc» жергілікті қамтуды дамыту ұлттық агенттігінде басқарма төрағасының орынбасары, одан соң бірінші орынбасары ретінде жұмыс істеді.

2012 мен 2013 жылдары экономикалық даму және сауда министрлігінде өңірлік саясат және бюджетаралық қатынастар департаментінің директоры болды. Артынша осы министрліктің өңірлік даму комитетін басқарды. Осыдан кейін 2013 пен 2014 жылдары өңірлік даму вице-министрі лауазымында еңбек етті.

2014 пен 2017 жылдары ұлттық экономика министрлігінде табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің төрағасы болды. Ал 2017 мен 2019 жылдар аралығында ұлттық экономика вице-министрі қызметін атқарды. 2019 жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның бәсекелестік және монополияға қарсы реттеу жөніндегі алқа мүшесі ретінде министр қызметінде бір жыл жұмыс істеді.

2020 мен 2022 жылдары бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы болды. 2022 пен 2023 жылдары премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі болып тағайындалды. 2023 жылғы 2 қыркүйекте Президент Жарлығымен вице-премьер болып бекітілді. Ал 2024 жылғы 6 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл қызметіне қайта тағайындалды. 2024 жылдың 21 желтоқсанында ол вице-премьер – ұлттық экономика министрі лауазымын алған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий