Шекараны жаяу кесіп өткен: Донецктегі соғыстан қашқан ресейлік сарбаз Атыраудан ұсталды

03.09.2026 19:07 Қарақат АСЫЛОВА
Шекараны жаяу кесіп өткен: Донецктегі соғыстан қашқан ресейлік сарбаз Атыраудан ұсталды
433
Ашық дереккөз

Донецк аймағындағы әскери бөлімінен өз бетінше кетіп қалған Ресей азаматы Қазақстанға заңсыз өтіп, бір жылдан астам уақыттан кейін Атырау қаласынан анықталды, деп хабарлайды Politico.kz.

36 жастағы Якутия тұрғыны Александр Чабыев 2025 жылдың мамырында Ресей армиясындағы әскери бөлімін тастап кеткен. Кейін ол автостоппен Волгоградқа жетіп, одан әрі Қазақстан шекарасына қарай бет алған.

Ресей азаматы Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек ауданы маңында шекараны жаяу әрі өткізу пунктінен тыс жерден кесіп өткен. Осыдан кейін оның Атырауға келгені белгілі болды.

Чабыевты 2026 жылдың 17 маусымында Атырау облысындағы экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері анықтаған. «Бүркіт» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілген тексеріс барысында оның Қазақстан аумағына ресми түрде кірмегені белгілі болған.

Тергеу барысында Чабыевтың Ресейдің №35390 әскери бөлімінде, яғни 68-армиялық корпустың құрамындағы 39-шы жеке гвардиялық мотоатқыштар бригадасында қызмет еткені анықталды. Бригаданың тұрақты орналасқан жері — Сахалин облысы.

Ресейлік әскери қызметші өз бөлімін тастап кеткені үшін іздеуде болған. Іс Атырау қаласының №2 сотында қаралып, Ресейдің әскери тергеу органдары оны әскери бөлімді өз бетінше тастап кеткені үшін халықаралық іздеуге бергені анықталды.

Сотта Чабыев шекараны заңсыз кесіп өткенін мойындады. Ол әскери қызметін жалғастырғысы келмегенін және өміріне қауіп төнуі мүмкін деп қорыққанын айтқан. Сондай-ақ Ресейде әскери іс-қимылдарға қатысудан жалтарғаны үшін қудаланатынын мәлімдеді.

Ресей азаматы соттан амнистия қолдануды және Қазақстаннан шығармауды сұраған. Нәтижесінде сот Чабыевты бір жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Алайда оған рақымшылық жасалып, жазадан босатылды.

Сонымен қатар сот оның Қазақстанда қалуына рұқсат бермеді. Чабыевқа Қазақстан аумағынан бес жыл мерзімге мәжбүрлі түрде шығару жазасы тағайындалды. Үкімнің бұл бөлігін орындау ҰҚК Шекара қызметі мен полицияға жүктелді.

Войдите, чтобы оставить комментарий