«Шерзаттың ағасы сияқты асып кетеміз»: актриса шұғыл мәлімдеме жасады

Белгілі актриса әрі кәсіпкер Гүлшарат Жұбаева өз цехінде еңбек етіп жүрген 18 жастағы жігіттің белгісіз біреулер тарапынан ұрланып, оның отбасынан 3 миллион теңге талап етілгенін мәлімдеді.
«Алдыңғы күні сағат кешкі 10-да такси шақырайын деп тұрған жерінде, бір көлік тоқтап, “жүр апарып тастайық” дейді. Адресті айтқан соң, көлікте жүргізуші бар, артында бір кісі отырған, бала көліктің алдына отырады. Баратын адресін, үйінде кім барын, қайта жұмыс істейтінін, кіммен тұратынын – бәрін сұрап алады. Жолда кетіп бара жатып артта отырған адам ана жігітті белдікпен орындыққа байлап тастайды. Телефонын тартып алып, ата-анасына, үйіне хабарласады. Жігітті босату үшін отбасынан 3 млн теңге сұрайды. Ақшаны таппасаңдар, жігітті өлтіреміз деп қорқытады», – дейді актриса.
Оның айтуынша, күдіктілер өздерін ешкім таппайды деп сенімді болған.
«Әке-шешесіне звондағанда “бізді ешкім таппайды, Шерзаттың ағасын асып кеткендей асып кетеміз, ол кезде де ештеңе болған жоқ, істі жауып тастайды” деп қорқытқан. Өздеріне заң жүрмейтінін айтады. Осыдан біреуге айтатын болсаң, арыз жазатын болсаң, жағдайың қиын болады деген», – деп жазды ол.
Актрисаның сөзінше, жігіттің ата-анасы ақшаны аударғанымен, қылмыскерлер оны босатпай, қаланың сыртына алып кеткен.
«Түні бойы сол көлікпен жүріп, таңға жуық Талғарға жеткенде артта отырған кісі ұйықтап кетіп, белдік босап кеткен. Сол сәтті пайдаланып, жігіт жүріп бара жатқан көліктен түсе сап қашады. Аялдамада тұрған кісілерден көмек сұрап, үйіне хабарласып, аман-есен жетеді», – дейді Гүлшарат Жұбаева.
Алайда актриса оқиға бойынша полицияға шағым түсіруді ұсынғанымен, жігіттің отбасы қорқыныштан бас тартқан.
«Менің таң қалғаным, ақшаны алса да, оны жібермеген. Баланы қаланың сыртына не мақсатпен апарған? Сақ болыңыздар. Ешкімге артық информация бермеңіз. Телефоныңызға 2ГИС-тің геолокациясын қосып қойыңыздар», – деп ескертті ол.
Соңғы жаңалықтар





