Шерзаттың өлімі: күдіктілердің аудиозжазбасы тыңдалды

Шерзаттың өлімі: күдіктілердің аудиозжазбасы тыңдалды
29.05.2025 15:48
0
156
Фото: әлеуметтік желіден

Талдықорғанда Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Сот отырысында адвокат Мейірман Шекеев Land Cruiser көлігінен алынған видео және аудиожазбаларды көрсетті, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Оқиға болған түні Prada көлігінде Абзал Шынасыл, Юлдаш Розыбакиев, Арлан Казкенов, Нұрқияс Ілиясов және Дана Жақсыгелді отырған.

Аудиожазбада сотталушылардың оқиғадан кейін көлік ішінде не айтқаны жазылған. Сондай-ақ көлікте болған қыздардың дауыстары да естіледі. Олар арасында болған жағдайды талқылап, алдағы әрекеттерін жоспарлап отырған. Жазбада Нұрқияс Ілиясов пен Абзал Шынасылдың жағдайды қызу талқылағаны байқалады. Нұрқияс бұл оқиғаны "біздің тема" деп атаған. Сондай-ақ олар кафеден кейін "әкімдік алдында ішеміз" деп келіскен, тіпті Грузия немесе Ресейге кету туралы да сөз болған. Әңгіме барысында бейәдеп сөздер жиі айтылған.

Абзал Шынасыл: «Талып қалды, шатыры тайып кетті ғой», – дейді. Сол кезде ол Юлдаш Рузбакеев пен Арлан Кәскеновке: «ештеңе көрмедік деп айтыңдар, ауыздарыңды жабыңдар», – деп ескерту жасайды.

Сондай-ақ жазбада оқиға орнында бірдеңе қалды ма деген сұрақтар да айтылған. Біреу «Хутор келді» деген. «Ұсталсақ не дейміз?» деген сұрақ та жазбада естіледі. Сонымен қатар, сотта бұл жазбада айыпталушы Равиль Сакиевтің дауысы да бар екені айтылды. Ол: «Әй, дос, анау өліп қалды ма, не дейді? Жүрші, сотталсақ, сотталып кетейік!» – дейді.

Осыдан кейін жәбірленуші тарап куәгерлер Эльмира Нұрбекова мен Дана Жақсыгелдіні сотқа қайта шақыруды сұрады. Сот отырысының басында олар Эльмира Нұрбекова, Арлан Қазыкенов және Дана Жақсыгелдіні шақыру туралы өтініш жасады.

Жәбірленушілердің адвокаты:

«Видеода Нұрбекованың шокта болмағанын көрдік. Ол бұл іске қатысы бар деп ойлаймыз», – деді.

Бірақ судья Ержан Жанұзақов бұл адамдарға қатысты қамауға алу туралы шешім болмағанын айтып, өтінішті қабылдамады. Жәбірленушілердің адвокаты Шерзат Полаттың отбасы денсаулығына байланысты сотқа қатыса алмайтынын мәлімдеді.

Сотталушы Абзал Шынасылдың адвокаты Жұман Әбенов:

«Олардың жауабы әртүрлі болды, олар жауап беруге тиіс», – деп қарсы шықты.

Алайда судья куәлардан жауап алу мүмкіндігі болғанын айтып, сотты жәбірленушілерсіз жалғастыруды ұйғарды.

Сотталушы Дидар Қалиахметтің адвокаты Баймұханова:

«Сіздің шешіміңізбен келіспеймін. Өйткені біз жәбірленушілерден жауап алған кезде кейбір материалдар әлі зерттелмеген еді. Қазір зерттелді, сұрақтарымыз бар», – деді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий