ШҚО-да дәрігер науқастың өкпесін инемен тесіп алған

13.05.2026 09:26 Мөлдір Қайнар
ШҚО-да дәрігер науқастың өкпесін инемен тесіп алған
76
Фото:depositphotos.com

Шығыс Қазақстан облысындағы шипажайлардың бірінде ем қабылдап жатқан 72 жастағы кейуананың өкпесі ине салу процедурасы кезінде зақымданған, деп хабарлайды Politico.kz.

Алайда дәрігерге қатысты қозғалған қылмыстық іс кейін қылмыс құрамы болмауына байланысты тоқтатылған.

Оқиға Өскеменнен шамамен 80 шақырым жердегі Уба шипажайында болған. Зардап шеккен әйелдің қызы Наталья Бугрованың айтуынша, ем-дом кезінде анасы қатты ауырсынғанын айтқанымен, процедура жасаған дәрігер оған мән бермеген.

Көп ұзамай зейнеткердің жағдайы күрт нашарлап, туыстары оны шипажайдан алып кеткен. Кейін рентген тексерісі барысында әйелдің сол жақ өкпесі шөгіп қалғаны анықталған. Дәрігерлер плевралық пункция жасап, кеуде қуысынан шамамен бір жарым литр ауа шығарғаннан кейін науқастың жағдайы тұрақталған. Медициналық қорытындыда әйелге жарақаттан кейінгі сол жақты пневмоторакс диагнозы қойылғаны айтылды.

Осы оқиғадан кейін Шемонаиха аудандық полиция бөлімі шипажай дәрігеріне қатысты «медицина қызметкерінің міндетін тиісті деңгейде орындамауы» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу бастаған. Алайда кейін іс тоқтатылды.

«Тергеу нәтижесі бойынша қылмыстық құқықбұзушылық құрамы болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылды. Қабылданған шешімді қадағалаушы прокурор бекітті», – деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті.

Науқастың қызы бұл шешіммен келіспейтінін айтып, шағым түсірмек ниетте екенін жеткізді.

«Олар процедурадан үш ай өткен соң ғана иненің ізін іздеді. Анам әлі күнге дейін толық қалпына келе алмай жүр», – деді Наталья Бугрова.

Ал айыпталған дәрігердің қызы Ульяна әлеуметтік желіде тараған ақпараттарға құқықтық баға берілуі керек деп есептейді.

«Ресми тергеу аяқталды. Себеп-салдарлық байланыс анықталған жоқ. Интернетте тараған ақпаратқа ар-намыс пен іскерлік беделді қорғау аясында құқықтық баға беріледі», – деді ол.

Войдите, чтобы оставить комментарий