Щучинскідегі жарылыс: тағы екі күдікті ұсталды
Ақмола облысының прокуратурасы Щучинск қаласындағы «Центр плова Loft» кафесінде 12 адамның өмірін қиған жарылыс фактісі бойынша тергеуді жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, 20 сәуірде арнайы прокурорлар автомобиль газ құю станциясының директорын, сондай-ақ газ баллондарды жеткізушіні ұстады. Олар баллондарды толтыру және жеткізу бойынша қызметтер көрсету кезінде заңнама талаптарын бұзды деген күдікке ілініп отыр.
Күдіктілердің әрекеттері Қылмыстық кодекстің 306 - бабының 3-бөлігі бойынша (абайсызда екіден көп адамның ауыр зардаптары мен өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына сай келмейтін қызметтер көрсету) сараланды. Аталған бап санкциясы 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.
Күдіктілердің біріне қатысты соттың санкциясымен қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы, екіншісіне – үй қамағы таңдалды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Іс бойынша түпкілікті шешімді сот қабылдайды. Бұған дейін жарылыс болған дәмхананың иесі 2 айға қамауға алынғаны хабарланған еді
Еске сала кетейік, Щучинскідегі дәмханадағы жарылыстан 29 адам зардап шегіп, қайтыс болғандар саны 12-ге жетті.
Соңғы жаңалықтар