Шығыс Қазақстанда аю адамға шабуыл жасады
Шығыс Қазақстан облысында аю адамға шабуыл жасап, 58 жастағы ер адам жарақат алды. Оқиға Риддер қаласының маңында, Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығына жақын орналасқан демалыс базасының жанында болған, деп хабарлайды Politico.kz YK-news.kz басылымына сілтеме жасап.
Оқиға шілде айының соңында болған. Омартада жұмыс істеп жүрген ер адамға аю тап берген. Оның жанында болған екі азамат жыртқыштан қорғануға көмектескен. Осыдан кейін аю оқиға орнынан қашып кеткен. Мамандардың айтуынша, бірге болған адамдардың көмегі ер адамның өмірін сақтап қалуға ықпал еткен.
Зардап шеккен азамат бірнеше күн жансақтау бөлімінде, кейін травматология бөлімінде ем қабылдаған. Риддер қалалық ауруханасының мәліметінше, оның басы, қолы мен аяғында көптеген жарақат анықталған. Сондай-ақ қолы мен аяғында ығысумен асқынған ашық сынықтар болған.
19 тамызда ер адам ауруханадан шығарылып, үй жағдайында емін жалғастырып жатыр.
Орман және аңшылық шаруашылығы жедел әрекет ету жасағы бастығының орынбасары Сергей Карманниковтың айтуынша, шабуылдан кейін мамандар қару-жарақпен оқиға орнына барып, аюды атып жойған. Қазір бұл аумақта адам өміріне қауіп жоқ.
«Аюдың адамға не себепті шабуыл жасағанын нақты айта алмаймын. Биыл тұрғындардан аюларға қатысты шағым өте көп түсті. Мамандар шақырту бойынша оқиға орнына барып, жыртқыштарды үркіту жұмыстарын жүргізеді. Ал адам өміріне тікелей қауіп төнген жағдайда ғана аюды атуға тура келеді», – деді Сергей Карманников.
Маманның сөзінше, биыл аюлардың малға шабуыл жасаған және адамдарға тым жақын келген жағдайлары тіркелген. Дегенмен оның тәжірибесінде бұл – аюдың адамға жасаған алғашқы шабуылы.
«Жедел әрекет ету жасағында үш жылдан бері, ал орман шаруашылығы саласында 20 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келемін. Бұған дейін аюдың адамға шабуыл жасаған мұндай жағдайына кезіккен емеспін», – деді ол.
Мамандар Шығыс Қазақстан облысында аю санының артқанын атап өтті. Өткен жылы инспекторлар ұрғашы аюлардың көп төлдегенін байқаған. Кейбір аюлар екі-үш қонжықтан дүниеге әкелген.
Сонымен қатар биыл ормандағы табиғи қорек қоры азайған. Аяз бен қуаңшылықтың салдарынан жидек пен балқарағай жаңғағы өте аз, кей жерлерде мүлдем жоқ. Мамандардың пайымынша, азықтың тапшылығы жыртқыштардың адам қоныстанған аумақтарға жақындауына себеп болуы мүмкін.
Қазір аюлар қорек іздеп қоқыс орындарына, қараусыз қалған саяжайлар мен бақшаларға жиі шығып жүр. Мамандар тұрғындарға мұндай аумақтарда сақтық шараларын сақтауға кеңес береді.
Соңғы жаңалықтар