Шымкентте кәсіпкерлер мен шенеуніктерді бопсалады деген блогер сотталуда

Шымкентте кәсіпкерлер мен шенеуніктерді бопсалады деген блогер сотталуда
Фото: “Halyqstan” Telegram арнасынан

Шымкентте әлеуметтік желіде Аско есімімен танылған блогер Асхат Балқыбаевтың ісі сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz сайты “Halyqstan” Telegram арнасына сілтемемен.

Оған алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобымен қорқытып алушылық және алаяқтық жасады деген айып тағылған. Бұл іс бойынша блогермен бірге тағы екі адам – Ахмадали Сейдахметов пен Алихан Серік те жауапқа тартылып отыр.

Қылмыстық істі Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты қарап жатыр.

Асхат Балқыбаев биыл шілде айында кәсіпкерлер мен мемлекеттік қызметкерлерден ақша бопсалады деген күдікпен ұсталған. Тергеу нұсқасына сәйкес, блогер мен оның сыбайластары түрлі заңбұзушылықтар бейнеленген материалдарды түсіріп, оларды жариялаймыз деп қорқыту арқылы ақша талап еткен. Күдіктілер видеоларды таратпау үшін қаражат сұраған деген болжам бар.

Әлеуметтік желіде шамамен 150 мың оқырманы бар блогерге тағылған айыптар дәлелденсе, қорқытып алушылық үшін жеті жылға дейін, ал алаяқтық үшін төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.

Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу