Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий арқылы жаңа байланыс желісі салынады

Қазақстан мен Әзербайжан арасында Каспий арқылы жаңа байланыс желісі салынады
Фото: Ақорда

Қазақстан мен Әзербайжан экономикалық ынтымақтастықты кеңейтіп, екі құрлық арасындағы цифрлық байланысты дамытуға ниетті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл мәселелер Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ильхам Әлиевтің кездесуінде талқыланды.

Қазақстан Президенті Әзербайжанға сапары кезінде ел басшысына шақыруы мен қонақжайлығы үшін алғыс айтып, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

Кездесуде басты назар аударылған бастамалардың бірі – Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу жобасы. Бұл бастама Қазақстан мен Әзербайжанды цифрлық арна арқылы байланыстырып, Еуропа мен Азия арасында деректерді жеткізудің балама бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Жоба екі елдің цифрлық инфрақұрылымын нығайтып, өңірлік байланысты дамытуға жол ашпақ.

Сондай-ақ тараптар өзара сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін жеткізу жөніндегі жоспарларын растады. Бұған қоса, Қазақстанның энергетикалық ресурстарын Әзербайжан аумағы арқылы тасымалдау көлемін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды.

Президенттер өнеркәсіп, энергетика, көлік, логистика және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін де талқылады. Білім беру, туризм, мәдениет және парламенттер арасындағы байланыстарды нығайтуға да ерекше мән берілді.

Кездесу қорытындысында екі ел басшысы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға және бұрын қол жеткізілген келісімдерді орындауға дайын екенін білдірді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий