Шымкентте Қайрат Нұртастың концертін ұйымдастырушыны қандай жаза күтіп тұр?

13.10.2026 • 08:46 Әсел МҰРАТ
Шымкентте Қайрат Нұртастың  концертін ұйымдастырушыны қандай жаза күтіп тұр?
229
Фото: ашық дереккөз

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезіндегі кептеліс салдарынан туындаған дүрбелеңге қатысты тергеу әлі аяқталған жоқ, деп хабарлайды Politico.kz.

Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермендер арасында туындаған жаппай кептеліске байланысты тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаға байланысты ұсталған концерт ұйымдастырушысы уақытша ұстау изоляторында отыр. Әзірге оған қатысты бұлтартпау шарасы белгіленбеген. Ал концертте зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайы әлі де ауыр.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, істі Шымкент қаласы Тұран аудандық полиция басқармасы тергеп жатыр. Күдіктінің әрекеті Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі бойынша сараланған. Бұл бап тұтынушылардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігі талаптарына сай келмейтін қызмет көрсетуге қатысты жауапкершілікті қарастырады.

Аталған бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 5 мың АЕК-ке дейін, яғни 21,6 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Бұдан бөлек, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Шымкент прокуратурасының хабарлауынша, ұйымдастырушыға қатысты қамауға алу немесе өзге де бұлтартпау шарасын қолдану мәселесі әзірге шешілмеген.

Заң бойынша күдіктіні 48 сағатқа дейін ұстауға болады. Осы уақыт ішінде тергеу судьясы оны қамауда ұстауға санкция беру немесе бермеу жөнінде шешім қабылдауы тиіс. Егер қамауға алуға рұқсат берілмесе, күдіктіге қатысты басқа бұлтартпау шарасы қолданылуы мүмкін.

Прокуратура өкілдерінің мәліметінше, тергеу судьясы бұл мәселені әлі қарамаған.

Еске салайық, бұған дейін Шымкентте Қайрат Нұртастың концерті кезінде көрермендер арасында жаппай кептеліс болып, адамдар бірін-бірі таптап кете жаздағаны хабарланған еді. Оқиға салдарынан 18 жастағы қыз ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Кейін концерт ұйымдастырушысы ұсталды.

Полицияның алдын ала мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның белгіленген сыйымдылығынан едәуір көп болған.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Войдите, чтобы оставить комментарий