Шымкентте сөзден сүрінген сақшылар сын астында қалды (ВИДЕО)

Шымкентте полицейлердің әрекеті түсірілген видео желіде шу шығарды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Әлеуметтік желіде шымкенттік екі полиция қызметкерінің азаматпен сөйлесу мәнері мен іс-әрекеті бейнеленген видео тарап, қызу талқыға түсті. Видеоны Threads желісінде Yerlan Kelesbayev есімді қолданушының парақшасында жарияланған.
Видеода тәртіп сақшыларының азаматтан жеке куәлігін және қалтасының ішіндегі заттарды көрсетуді талап еткені көрінеді. Олардың азаматпен қызметтік емес, бейресми түрде сөйлесуі көпшіліктің назарын аударған.
Жазба қысқа уақытта желіде үлкен талқылау тудырды. Көптеген қолданушылар полицейлердің әрекетін сынға алып, пікірлерін қалдырды:
«Адаммен сөйлесуді білмейтін, оқымаған адамға билік бергенде осылай болады», «Қызметтік көлік жоқ, форма талапқа сай емес, өздері бандитке ұқсайды», «Ол не, қызметте мас болған ба?» - деп жазды желі қолданушылары.
Оқиғаға қатысты Шымкент қалалық полиция департаменті ресми түсініктеме беріп, тексеріс басталғанын мәлімдеді:
«Аталған факті бойынша қызметтік тексеріс жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы анықталады», - деп хабарлады ДП ресми парақшасында.
Соңғы жаңалықтар





