Сорбұлақтағы жоғалған әскери тікұшақ: қаза болғандардың есімдері мен суреттері жарияланды

Қорғаныс министрлігі Сорбұлақта жоғалған әскери тікұшақтың үш экипаж мүшесінің қаза болғанын хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қаза тапқандардың бірі – майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаев. Ол армиялық авиация эскадрильясы командирінің ұшулар және істен шығуларды реттеу (ВиИР) жөніндегі орынбасары, 1-санатты ұшқыш болған. Үйсінбаев EC-145 тікұшағын басқаруда үлкен тәжірибеге ие еді, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат.
«Жоғары кәсіби даярлығы, жауапкершілігі, бастамашылдығы және әскери борышына адалдығымен ерекшеленді, әріптестерінің зор құрметіне ие болды», – делінген министрлік хабарламасында.
Екінші қаза тапқан – авиациялық эскадрильяның авиациялық буын борттық техникасы, 1-санатты маман, капитан Бахтияр Сәниоллаұлы Ержігітов. Ол да EC-145 тікұшағын басқару тәжірибесіне ие болған, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат.
«Жоғары білікті маман, авиациялық бөлімдерде көп жылдық қызмет өтілі бар, арнайы даярлықтан өткен. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайда да бірнеше рет ұшулар орындаған, түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары тәртіптілігі және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленді», – деп атап өтті Қорғаныс министрлігі.
Үшінші қаза тапқан – экипаж командирінің көмекшісі, капитан Аман Нұрланұлы Амангелді.
«Тәжірибелі ұшқыш, күрделі ауа райы жағдайында бірнеше рет ұшу жасаған, түрлі деңгейдегі оқу-жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібі және мінсіз қызмет беделімен ерекшеленді», – делінген хабарламада.
Амангелдінің EC-145 тікұшағындағы жалпы ұшу уақыты – 295 сағат.
Соңғы жаңалықтар





