Сот Болат Назарбаевтың ұлына қатысты 15 млрд теңгелік іске нүкте қойды

21.04.2026 09:46 Арман Ермеков
Сот Болат Назарбаевтың ұлына қатысты 15 млрд теңгелік іске нүкте қойды
408
Нұрбол Назарбаевқа қатысты сот шешімі шықты. Коллаж Politico.kz

«Алтын Орда» базарының бұрынғы иесі Айдарбек Хусайынов пен Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев арасындағы ұзаққа созылған сот процесі аяқталып, шағымданушының талап арызы қараусыз қалдырылды, – деп хабарлайды Politico.kz порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Биыл ақпан айында Айдарбек Хусайынов Нұрбол Назарбаевты «негізсіз байыды» деп айыптап, одан 15 миллиард 171 миллион теңге өндіріп алуды талап етіп сотқа жүгінген еді. Сот барысында Назарбаевтың мүлкі мен шоттарындағы ақшасына осы сома көлемінде тыйым салынған болатын. Алайда екі айға созылған сот отырыстарының қорытындысы бойынша экс-президент жиеніне қатысты іс тоқтатылды.

Айта кетейік, Айдарбек Хусайыновтың есімі Назарбаевтар әулетіне және «Алтын Орда» базарына қатысты сот істерінде бірнеше рет аталған. Ол 2013 жылға дейін базарға иелік ететін Kurylys LTD компаниясының 39 пайыз акциясына ие болған. Кейін Серік Апсапаров есімді азамат сыбайластарымен бірге бизнесті тартып алып, базардың 60 пайыз үлесін Болат Назарбаевтың қолына өткізген. Артынша Хусайыновтың өзіне де қысым жасалып, ол өз үлесін 1,3 миллион долларға сатуға мәжбүр болған, алайда оның сөзінше бұл үлестің нақты құны 30 есе қымбат тұратын еді. Осылайша 2013 жылдың жазында Болат Назарбаев «Алтын Орданың» жалғыз иесіне айналған.

2023 жылы Апсапаров рейдерлік ісі бойынша кінәсін мойындап, шартты түрде сотталғаннан кейін, Хусайынов өз үлесін қайтаруды талап етіп бірнеше рет сотқа шағымданды. Оның айтуынша базар жылына 12-15 миллиард теңге табыс табады және ол он жыл ішінде 50 миллиард теңгеге жуық пайдадан қағылған. Алайда ол кезде де сот оның талаптарын қанағаттандырмады. Бұл дау Болат Назарбаев қайтыс болған соң, оның активтерінің бір бөлігін мұрагерлікке алған ұлы Нұрболмен жалғасып, бұл жолы да бұрынғы иесінің жолы болмады.

Қазіргі таңда Нұрбол Назарбаевтың мемлекет алдында 63,7 миллиард теңге қарызы бар. Оның 55 миллиарды заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі арнайы қорға, ал 1,6 миллиарды мемлекеттік баж салығы ретінде төленуі тиіс. Ол осы қарыздарынан құтылу үшін өзін банкрот деп тануға бірнеше рет әрекет жасаған, бірақ сот оның өтініштерін қанағаттандырмады. Қазіргі кезде ол банкроттық рәсімін бастауға үшінші рет талпынып жатыр.

Forbes журналының былтырғы мәліметіне сәйкес, Нұрбол Назарбаев Қазақстандағы ең бай 75 бизнесменнің тізімінде 57-орында тұрды және оның дәулеті 179 миллион долларға (шамамен 91 миллиард теңге) бағаланған. Ол бірнеше ірі компанияның иесі әрі құрылтайшысы болып табылады.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий