Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп жариялады

Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп жариялады
06.10.2025 16:42
0
255
ФотоКоллаж: POLITICO.KZ

Марқұм Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаев өзін банкрот деп жариялады. Бұл туралы журналист Дмитрий Шишкин өзінің «Shishkin Like» атты телеграмм-арнасында хабарлады.

Банкроттыққа не себеп болды?

Қыркүйек айының соңында сот шешімімен Болат Назарбаевтың үлкен ұлы Нұрболдың 57 млрд теңгенің активтерінен айырылғаны белгілі болды. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт Бас прокурор Берік Асыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді. Депутат Нұрбол Назарбаевтың нақты қандай активтерден айырылғанын жария етуді, сондай-ақ оның барлық компаниялары мен мүлкіне «түгендеу» жүргізіп, заңсыз иемденген дүниелерін мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады.

Осыдан кейін тізілімдерде Нұрбол Назарбаевқа қатысты банкроттық ісінің қозғалғаны туралы хабарландыру пайда болды. Оның несие берушілеріне 15 қазанға дейін өз талаптарын мәлімдеуге уақыт берілді. Adata.kz порталының мәліметінше, Нұрбол Назарбаев 15 қыркүйектен бастап атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкер болып саналады, қарыздың жалпы сомасы 57,9 млрд теңгені құрайды. Оның шоттары мен мүлкіне тыйым салынып, компаниялардағы үлестеріне ауыртпалықтар жүктелген, сондай-ақ елден шығуына шектеу қойылған.

Банкроттық салдарына сәйкес, Нұрбол Назарбаев бес жыл бойы несие ала алмайды және жеке кәсіпкер ретінде тіркеле алмайды. Сондай-ақ, үш жыл ішінде ірі мәмілелер мен кірістері туралы хабардар етуге міндетті болады. Оның жалғыз баспанасы мен ең қажетті заттарынан басқа барлық мүлкі қарыздарды өтеу үшін сатылуы мүмкін.

Нұрбол Назарбаевтың иелігінде қандай активтер қалды?

«Prime cap» ЖШС (бұрынғы «Prime Capital Holding» ЖШС) – бұл оның негізгі компаниясы болып саналады. Adata.kz деректері бойынша, компания қазір таратылу сатысында және оның өз атында ешқандай активі жоқ. Оның 15 еншілес компаниясы соңғы 12 айда бюджетке 28,8 млн теңге салық төлеген.

Негізгі еншілес компаниялар:

«Prime Capital Real Estate» ЖШС: Меншікті жылжымайтын мүлікті жалға берумен айналысады. Adata.kz мәліметінше, оның балансында Алматы облысында орналасқан үш жер телімі мен 22 мүлік нысаны бар.

«Prime Capital Re Plaza» ЖШС: Бұл компания да жылжымайтын мүлікті жалға береді. Оның иелігінде Алматыда екі жер телімі бар, олардың бірі бизнес-орталық пен қонақ үй кешенін пайдалануға арналған.

«Бахар-А» ЖШС: Алматы облысы, Қарасай ауданы, Алмалыбақ ауылында орналасқан үш қабатты салтанат сарайы. Бұл компанияны 2013 жылы Болат Назарбаев пен кәсіпкер Азим Абдуллаев тіркеген, Абдуллаев әлі де компанияның тең қожайыны болып табылады. 2022 жылы Абдуллаев Болат Назарбаевты өзінің басқа кәсіпорны – «Almaty Steklo» зауытының 50% үлесін рейдерлік жолмен тартып алды деп айыптаған болатын.

Жер активтері: Нұрбол Назарбаевтың негізгі жер активтері «Prime Capital Re Ushkonyr», «Prime Capital Re Alakol», «Prime Capital Re Talgar» және «Prime Capital Re Karasay» компанияларында шоғырланған. Мысалы, «Prime Capital Re Ushkonyr» ЖШС арқылы ол Шамалған ауылындағы бұрынғы шарап-арақ зауыты орналасқан 2,36 гектар жерге иелік етеді. Зауыттың ғимараты оның басқа компаниясы – «Prime Capital Re Talgar» ЖШС-не тиесілі.

Үшқоңырдағы жерлер: 2022 жылы «Азаттық Радиосы» Назарбаевтардың Үшқоңырда кемінде 9 мың гектар жері бар екенін жазған. Бұл жерлер «Breeding company», «QazAgro Centre» және «Steppe AgroMeat» компанияларына тиесілі болған. 2025 жылы бұл жерлердің Қайтарылған активтерді басқару компаниясының балансына өткені белгілі болды. Дегенмен, Назарбаевтарда Үшқоңырда біраз жер қалған. Adata.kz деректері бойынша, қазір «QazAgro Centre» және «Steppe AgroMeat» ЖШС-лері ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізуге арналған алты жер теліміне иелік етеді. Сонымен қатар, «Prime Capital Re Karasay» ЖШС-не жақын маңдағы шаруа қожалығын жүргізуге арналған 100 гектарға жуық жер тиесілі.

«Qaz-Ak-Kus» құс фабрикасы: «Prime Capital Invest» ЖШС-нің еншілес компаниясы, Алматы облысының Іле ауданында орналасқан. Қазіргі уақытта фабриканың салық және атқарушылық іс жүргізу бойынша жалпы қарызы 135 млн теңгеге жуық. Оның меншігінде Шапай ауылында 31 гектар және оған іргелес 114,8 гектар жер телімі бар.

Алматы ауыр машина жасау зауыты (АЗТМ): Нұрбол Назарбаев «PLS-TM» және «PLS Инвестициялық-құрылыс компаниясы» ЖШС-лері арқылы осы зауыттың үлесіне иелік етеді. 2024 жылғы қаржылық есепке сәйкес, «PLS-TM» ЖШС (бенефициарлары – Нұрбол Назарбаев пен Эдгар Салдузи) зауыттың 54,67% акциясына ие, ал Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің үлесі – 31,9%. Нұрбол Назарбаев пен оның жұбайы Жаннат Назарбаеваның есімдері 2025 жылдың шілдесіндегі зауыттың үлестес тұлғаларының тізімінде көрсетілген.

BNC Plaza бизнес орталығы: 2025 жылдың маусымында Нұрбол Назарбаев пен оның «Prime Cap» ЖШС-і Алматыдағы Тимирязев көшесінде орналасқан BNC Plaza бизнес-орталығын басқаратын «Prime Capital Plaza BC» ЖШС-нің құрылтайшылары болуды тоқтатты. Енді компанияны бұрын Нұрбол Назарбаевтың тұсында директор болған Андрей Изотов иеленеді.

Рейдерлік айыптаулар

Нұрбол Назарбаевтың атына әкесіне қарағанда рейдерлік шабуыл туралы айыптаулар аз болғанымен, бірнеше дерек жария болған.

Кәсіпкер Қуат Ерментаевтың арызы: 2024 жылдың желтоқсанында кәсіпкер Қаржы мониторингі агенттігіне арызданған. KazTAG жазуынша, Нұрбол Назарбаевтың жақын туыстары оның қамқорлығымен әрекет ете отырып, 2019 жылы кәсіпкерді «Porus» ЖШС-дегі үлесін өз аттарына аударуға мәжбүрлеген. Жақын туыстардың қатарында Ерментаев Санат Зорбаевты атаған, ол Нұрбол Назарбаевтың нағашы немере інісі болуы мүмкін және әлі күнге дейін «Prime Cap» компаниясын басқарады.

Депутат Ермұрат Бәпінің мәлімдемесі: Жақында Мәжіліс депутаты Нұрбол Назарбаев бұрынғы Каменский асыл тұқымды зауытының жұмысшыларына жеке меншікке берілген 9 мың гектардан астам жерді басып алды деп мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, оған 1000-нан астам жұмысшы шағымданған, бірақ Бас прокуратура тарапынан ешқандай реакция болмаған.

«Алтын-Орда» базары: Депутаттар бір кездері Назарбаевтармен байланысты болған «Алтын-Орда» базарына қатысты тергеу бастауды талап етуде. 2021 жылы Нұрбол Назарбаев «Алтын-Орданың» иесі болған «Kurylys Ltd.» ЖШС-нің құрылтайшыларының бірі болған. Қазіргі уақытта бұл базарлардың кейбірі заңды түрде Болат және Нұрбол Назарбаевтармен ұзақ жылдар бойы байланыста болған адамдарға тиесілі.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий