«Сын айтатындар бола береді»: Үкімет Almaty SuperSki тау-шаңғы курортының құрылысын тездетпек

09.06.2026 13:02 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Сын айтатындар бола береді»: Үкімет Almaty SuperSki тау-шаңғы курортының құрылысын тездетпек
77
Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Almaty SuperSki тау-шаңғы кластері жобасының құрылысы талқыланып, экологтар бұл жаңа нысанның қоршаған ортаға ешқандай кері әсері жоқ екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Kazakh Tourism Development компаниясының басқарма төрағасы Ержан Еркінбаевтың сөзіне қарағанда, жоба аясында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылмақ. Оның ішінде күніне 10 мыңнан аса адамды қабылдай алатын 60 шақырымдық тау-шаңғы трассасы мен заманауи 11 аспалы жол салынады, сондай-ақ қажетті инфрақұрылым нысандарын тұрғызу жоспарланып отыр.

Осы жиын барысында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев арнайы мамандармен бірлесіп атқарылған зерттеу жұмыстарының қорытындысымен бөлісті.

«Министрлік ғалымдар және жетекші эколог мамандармен бірлесіп, жан-жақты зерттеу жұмыстарын жүргізгенін, оның қорытындысы бойынша жобаны жүзеге асыру қоршаған ортаға кері әсер етпейтіні анықталды», — деді Нысанбаев.

Өз кезегінде Үкімет басшысы Олжас Бектенов бұл жобаны уақтылы әрі тез арада жүзеге асырудың өте маңызды екенін қадап айтты.

«Барлық кажетті шешімдер қабылданды. Сондықтан сын айтатындар, әрине, бола береді. Оған қарамай, бәрін тездетіп жүзеге асыру керек. Бізге нақты нәтиже керек. Бұл жобаны жүзеге асыруда экология мәселелеріне аса назар аудару керек», — деді Бектенов.

Сөз соңында Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының барлық кезеңінде халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отыруды тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейінгі өткен жиында курортты салатын шетелдік мердігерлер анықталған болатын.

Войдите, чтобы оставить комментарий