Сыртқы істер министрлігінің қабырғасында ұзақ жыл еңбек еткен Айбек Смадияров қызметтен кетеді

12.12.2025 11:34 Арман Ермеков
Сыртқы істер министрлігінің қабырғасында ұзақ жыл еңбек еткен Айбек Смадияров қызметтен кетеді
0
238
Фото: facebook.com/aibek.aibekov

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі, соңғы жылдары ел дипломатиясының медиа кеңістігіндегі басты бейнесіне айналған Айбек Смадияров лауазымын босатты. Ол мемлекеттік қызметтен кетіп, мансабын мүлде басқа салада жалғастырмақ, деп хабарлайды Politico.kz.

9 желтоқсан күні ведомствода өткен брифингте Смадияров тосын жаңалығын жеткізді. Оның айтуынша, бұл аяқ астынан қабылданған шешім емес, ұзақ уақыт бойы ой елегінен өткізілген қадам.

«Мен бұл күнге арнайы дайындалдым. Бұл – менің жеке шешімім. Осы мінберде тұрғаныма сегіз жыл болыпты. Осы уақыт аралығында еліміздің сыртқы саясаты талай белестерден өтті, түрлі сұрақтар туындады. Тек сіздердің, журналистердің арқасында бүкіл әлем Қазақстан туралы білді. Сіздер министрлікке орасан зор қолдау көрсеттіңіздер», – деді Айбек Смадияров.

Ол БАҚ өкілдерімен бір командадай жұмыс істегенін ерекше атап өтіп, алғысын білдірді. Ендігі жерде экс-спикер өз бағын жеке секторда, нақтырағы Астанада қалып жекеменшік компанияда сынап көрмек.

Айбек Смадияров халық жадында министрліктің ең танымал спикері ретінде сақталды. Ол сыртқы саясаттың бет-бейнесі бола білді. Ел есінде «Жусан» операциясын жедел хабарлауымен, жастарды шет елдегі қақтығыстардан сақтандырып, «Жігіттер, бұл сендердің соғыстарың емес» деп араша түсуімен қалды. Сонымен қатар Ауғанстандағы гуманитарлық миссиялар мен Армения-Әзірбайжан арасындағы бейбіт келіссөздердегі Қазақстанның рөлін түсіндіруде, әйел дипломаттардың еңбегін насихаттауда белсенділік танытты.

Айта кетейік, Айбек Серікбайұлы 1983 жылы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Министрлік қабырғасындағы қызметін 2018 жылы баспасөз хатшысы ретінде бастаған. Кейін Халықаралық ақпарат комитеті төрағасының орынбасары, 2023 жылдың маусымынан бастап коммуникациялар департаментінің директоры болды. Ал 2025 жылдың ақпанында Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы болып тағайындалған еді. Сондай-ақ оның Мажарстан және Вьетнам елшіліктерінде жұмыс тәжірибесі бар. II сыныпты кеңесші дипломатиялық дәрежесінің және бірқатар ведомстволық наградалардың иегері.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий