Табыс өссе де, қалта жұқарды: қазақстандықтар табысының 57%-ын тамаққа жұмсап отыр
Қазақстанда халықтың тұрмыс деңгейі төмендеу үрдісін көрсетіп отыр. Бұған тек жұмыс істейтін азаматтардың нақты табысының азаюы (2025 жылдың IV тоқсанында 2%-ға қысқарған) ғана емес, сонымен бірге азық-түлікке жұмсалатын шығынның күрт артуы да дәлел бола алады, деп хабарлайды Politico.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2025 жылдың үшінші тоқсанында үй шаруашылықтарының жалпы тұтыну шығынының 57,2%-ы тамаққа кеткен. Бұл – 2021 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұған дейін мұндай деңгей пандемияның алғашқы жылында (58%) тіркелген еді. Ол кезеңде табыс азайып, халықтың негізгі қаражаты азық-түлікке жұмсалған болатын.
Салыстырмалы түрде айтсақ, дамыған мемлекеттерде отбасы бюджетінің небәрі 10–15%-ы ғана тамаққа жұмсалады. Ал Қазақстанның бірқатар өңірлерінде бұл көрсеткіш 65%-дан асып кеткен. Мәселен, Жетісу облысында – 65,8%, Түркістан облысында – 65,3%, Алматы облысында – 62,2%. Бұл аймақтарды экономикалық даму қарқынының төмендігі мен аграрлық бағыт басым екені біріктіреді.
Ең төмен үлес Қарағанды (50,6%), Солтүстік Қазақстан (51,4%) және Ақмола (51,8%) облыстарында байқалғанымен, 50%-дан жоғары көрсеткіштің өзі халықаралық стандартпен алғанда жоғары саналады.
Азық-түлік шығынының үлесі – халықтың әл-ауқатын бағалайтын маңызды индикатор. Экономикада белгілі Энгель заңы бойынша, отбасының табысы артқан сайын тамаққа кететін үлес азаяды. Ал керісінше, табыс төмендеген жағдайда бюджет құрылымында азық-түліктің үлесі көбейеді. Мұндай жағдайда адамдар киім-кешекке, білімге, медициналық қызметке, ұзақ мерзімді тауарларға және инвестицияға аз қаржы бөледі.
Қала мен ауыл арасындағы айырмашылық та байқалады. 2025 жылдың үшінші тоқсанында ауыл тұрғындары табысының 58,7%-ын тамаққа жұмсаса, қалада бұл көрсеткіш 56,5%-ды құрады. Кейбір ауылдық аймақтарда шығын үлесі 66%-ға дейін жеткен. Бұл ауыл халқының табысы салыстырмалы түрде төмен екенін көрсетеді.
Жылдық динамикаға назар аударсақ, қалаларда азық-түлікке жұмсалатын шығын 3,5%-ға артқан. Ал ауылдық жерлерде өсім небәрі 0,7%-ды құраған. Сарапшылар мұны ауыл тұрғындарының жеке шаруашылық өнімдерін пайдалануымен байланыстырады.
2025 жылдың үшінші тоқсанында қала тұрғындарының ет және ет өнімдеріне шығыны 22,3%-ға, жеміс-жидекке 18,6%-ға, көкөністерге 16,8%-ға өскен. Ал ауылдық жерде өсім әлдеқайда баяу. Тіпті кейбір санаттар бойынша (қант, бал, джем, шоколад өнімдері) шығын 5,5%-ға қысқарған. Қалаларда керісінше, тәтті өнімдерге сұраныс 7,2%-ға артқан.
Қала мен ауыл шығынының құрылымында да айырмашылық бар. Ауыл тұрғындары нан және дәнді дақылдарға көбірек (86,3 мың теңге) жұмсаса, қала тұрғындары сүт өнімдеріне басымдық береді (57,8 мың теңге). Бұл ауылдағы жеке шаруашылық ерекшеліктерімен байланысты.
Азық-түлік бағасының өсуі қалалықтардың өзге тауарлардан үнемдеуіне себеп болған. Тамаққа кететін үлес артқандықтан, азық-түлікке жатпайтын тауарлар үлесі 26%-дан 22,2%-ға дейін қысқарған. Тұрмыстық техника, байланыс құралдары, көлікке арналған тауарларға шығын азайғанымен, дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаражат 5,8%-ға өскен.
Ауылдық жерде де құрылымдық өзгеріс бар. Сұйытылған газға шығын айтарлықтай артқан (20,4%). Оның орнын толтыру үшін тұрғындар техника, жөндеу және байланыс құралдарына аз қаржы жұмсаған, ал киім-кешек пен көлікке қажетті бөлшектерге шығын артқан.
Жалпы алғанда, азық-түлікке жұмсалатын шығын үлесінің өсуі – халықтың нақты табысының қысымға ұшырап жатқанын көрсететін маңызды белгі. Бұл жағдай ұзақ мерзімді перспективада тұтыну құрылымына ғана емес, өмір сапасына да әсер етуі мүмкін.
Соңғы жаңалықтар