Тағы бір бала Алматыда тіс емдетуге барып көз жұмды
Алматыда жекеменшік стоматологияда ем қабылдаған бес жасар бала көз жұмды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Алматыдағы жеке стоматологияда жоспарлы ем қабылдаған бес жасар бала қайтыс болды. Бұл туралы баланың ата-анасы мәлімдеп, оқиғаға дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанын айтып отыр.
«Жұбайым екеуімізге бара беріңіздер, ұзақ уақытқа созылады деп айтты. Сыртқа шығып кеттік. Операция 5 жарым сағаттай болды. Түскі сағат 13:00-ден кейін алып шықты. Бала 15 минуттан соң есін жиды. Мен 860 мың теңге төлемақы жасадым. Сосын қандай дәрі алу керегін жазып берді. «Егер дәрі табылмаса маған хабарласыңыздар, алмастыратын басқа дәрі жазып беремін» деді. Далада жарты сағаттай жүрдік. Бала әлі толық оянбаған еді. Дәріні дәріханалардан таба алмадым. Сосын қайта стоматологияға бардым. Олар дәрігер әлі бос емес, кейін келіңіз деп айтты. Кешке бала оянды ма деп сұрады. Кешкі сағат 17:00-де бала оянбаған еді. Түнгі сағат 23:00-де баламның судорогасы ұстады. Әйелім анестезиологқа хабарласты. Ол “солай болуы керек, қорқып қалған шығар” деді. Сосын қызым есінен танып қалды. Дереу ауруханаға апардық. Әйелім стоматологқа, анестезиологқа хабарласып дәрі тізімін сұрады. Олар бір-біріне лақтырып, ұзақ күттіріп барып жіберді. Түнде сағат 1:00-де бала көз жұмды», – дейді марқұмның әкесі.
Ал марқұмның тәтесінің айтуынша, ата-анасы баланы 13 сәуірдің таңында стоматологиялық тексеруден кейін жоспарланған операцияға әкелген.
«Бізге 20 тісін емдеу керек деді, операция шамамен төрт сағатқа созылады деп айтқан. Таңғы сағат 7:00-де баланы алып кетті. Бірақ операция төрт сағат емес, севоран наркозымен бес жарым сағаттан астам уақытқа созылды. Баланы сағат 13:30-да алып шықты, ол тым әлсіз болды. Дәрігерлер баланы үйге алып кете беруге болады деді. Бір қызығы баланы бақылауда қалдырмады», – деді әйел.
Марқұмның тәтесінің айтуынша, бала үйге келген соң да толық есін жимаған. Сол күні кешке жағдайы нашарлап, құрыса бастаған, денесі көгерген.
«Жедел жәрдемді шақырдық, бірақ ол ұзақ уақыт келмеді. Сондықтан ата-анасы өздері ауруханаға апарды. Дәрігерлер оны құтқаруға тырысқанымен, аман алып қала алмады. Ол қайтыс болды», – деді туысы.
Бала 13 сәуірде көз жұмды. Полиция сол күні қылмыстық іс қозғаған.
«Бірақ екі айдан кейін істі жауып тастаған. Бізге мүлде айтпады. Әкесі тергеудің қалай жүріп жатқанын білу үшін барған кезде ғана іс жабылғанын білді. Тергеу үстірт жүргізілді деп санаймыз», – дейді марқұмның туысы.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, қазір тергеу әрекеттері жүріп жатыр.
Соңғы жаңалықтар