Талғарда әкесі 15 жастағы туған қызын бауыздап өлтірді
Алматы облысы Талғар ауданына қарасты Тұздыбастау ауылында мас күйіндегі ер адам 15 жастағы қызын пышақтап өлтірген қайғылы оқиға тіркелді, деп хабарлайды Politico.kz.
Оқиға 10 қараша күні шамамен кешкі 18:00-де болған. Марқұмның туысы Әсел Сағатованың айтуынша, әкесі су ішу үшін асүйге кірген кезде қызы тамақ дайындап жатқан, дәл сол сәтте әкесі мен қызы арасында жанжал шығып, ашуға булыққан әкесі жасөспірімге 16 рет пышақ сұққан. Қыз алған жарақатынан оқиға орнында жан тапсырды. Қайғылы оқиға кезінде үйде ешкім болмаған: анасы жұмыста, ал екі бауыры сабақта болған. Туыстарының айтуынша, әке мен қыз арасындағы түсініспеушілік ұзақ уақыттан бері жалғасып келген. Карантиннен бері әкесі жұмыссыз қалып, отбасыны анасы асырап келген. Марқұм – үйдің ортаншы қызы. Жасөспірім әкесі мас болып келіп, жанжал шығарғанда бірнеше рет полиция шақырғаны да белгілі болды, сол себепті әкесі оған кек сақтап жүрген болуы мүмкін деген пікір бар. Ер адам есін жиған соң өзі туыстарына хабарласып, істеген ісіне өкініш білдірген. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу жүріп жатыр. Күдікті полицияға берген түсініктемесінде: «Ол мені алқаш деді. Содан кейін не істеп, не қойғанымды өзім білмеймін», – деп айтқан. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Марқұмның анасы полицияның жұмысына көңілі толмайтынын айтып, басқа пікір беруден бас тартқан. Туыстары қыздың суретін жарияламауды өтінді.
Соңғы жаңалықтар