Таңғы сағат 6-да басып кірген: Серікжан Біләштің әпкесінің үйіне полиция тінту жүргізді

26.06.2026 15:34 Мөлдір ҚАЙНАР
Таңғы сағат 6-да басып кірген: Серікжан Біләштің әпкесінің үйіне полиция тінту жүргізді
369
Фото: коллаж politico.kz

АҚШ-қа қоныс аударған белгілі қоғам белсендісі Серікжан Біләштің туған әпкесі Бәтиқа Біләштің басына күн туды. Алматы облысында құқық қорғау органдары оның баспанасына тінту амалдарын жүргізіп, кейіннен өзін Қонаев қалалық полиция басқармасына жеткізген, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл жайында «Азаттық» радиосына мәлімдеме жасаған Бәтиқаның жұбайы Амантай Ағидолла құзырлы органдардың мұндай қадамға не себепті барғанынан әзірге бейхабар екенін айтады. Оның сөзінше, жұма күні таңсәріден басталған бұл іс-шараға арнайы жасақ сарбаздарын қосқанда 20-ға жуық полиция қызметкері жұмылдырылған. Тінту барысында тәртіп сақшылары үйден істен шыққан ескі ұялы телефон мен бірнеше дана қасиетті Құран кітабын алып кеткен. Отағасының айтуынша, таңғы сағат 6-7 шамасында басталған тінту амалдарынан кейін Бәтиқа Біләшті түн ауа, яғни сағат 23:00-ден аса Қонаевтағы департаментке алып кеткен.

​Қазіргі уақытта бұл іске адвокат Шынқуат Байжанов араласып жатыр, алайда заңгер де қолында ресми құжаттар мен нақты ақпараттың әлі де жоқ екенін алға тартты. Өз кезегінде Алматы облыстық ПД баспасөз қызметі бұл жағдайдың мән-жайын тексеріп, анықтайтынын хабарлады. Еске сала кетейік, Бәтиқа Біләш – Қытайдың Шыңжаң аймағындағы қандастардың құқығын қорғап, халықаралық деңгейде шу көтерген белсенді Серікжан Біләштің жақыны. Оның дәл осылай тұтқындалуына бауырының саяси-қоғамдық белсенділігі түрткі болды ма, жоқ па – бұл жағы әлі белгісіз.

Войдите, чтобы оставить комментарий