Танымал дінтанушы тойда ерсі "тілек" айтып, басы дауға қалған қарияға араша түсті

11.08.2026 17:00 Мөлдір ҚАЙНАР
Танымал дінтанушы тойда ерсі
104
Фото: коллаж politico.kz

Дінтанушы Райымбек Жанәділ әлеуметтік желідегі парақшасында тойда сөйлеген сөзі үшін сынға ұшыраған қарияны жақтап, бұл оқиғаға қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Оның айтуынша, бұрынғы заманда жыршы-жыраулар әйелдерді ұрғашы деп атаған. Сарапшы ел ішіндегі ренішті түсінетінін айта келе, сөздің түпкі төркінін түсіндірді.

«Кешегі қарияны жерден алып жерге салып жатырмыз. Иә, ақсақалдың сөзі бір қарағанда дөрекі естілетін шығар. Бірақ қазақ тілінің әмбебап сөздігінде ұрғашы деп әйел жамағатын, қатын, зайып деп сипатталған. Шәкәрім бабамыздың 1911 жылы Орынборда басылып шыққан "Мұсылмандық шарты" кітабының 62 бетінде пәленшенің қызын алдым деп, ұрғашысы айтты деп қолданған, сонымен қатар, куәлікке екі еркек, бір ұрғашы куәлікке жүреді деп жазған. Бұхар жырау бабамыз да "ұрғашының жақсысы..." деп қолданған. Абай Құнанбайұлының "Масғұт" поэмасында да кездеседі», – деді ол.

Сонымен қатар дінтанушы бұл ұғымның балағат сөздер қатарына жатпайтынын жеткізді. Ол сөз сүйегін түсінуде қазіргі қоғамның кітаптан алшақтап кеткенін баса айтты.

«Бұл балағат емес, не боқтық сөз емес. Біз қазақ әдебиетінен алыстап, көшенің сөзіне үйір болып алдық. Бұл ақсақал мәдениетімізді талқандады дейін десең қазіргі той мәдениет деп айтға келе ме?», – деп түйіндеді Райымбек Жанәділ.

Желі қолданушыларының пікірі екіге жарылды: бірі бұл уәжді қолдаса, екіншілері бұл сөздің кемсіту екендігін жазуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий