Телефон тіркеудің артында Қарағанды депутаты мен Назарбаевтардың ізі тұр?

07.11.2025 11:12 Арман Ермеков
Телефон тіркеудің артында Қарағанды депутаты мен Назарбаевтардың ізі тұр?
0
202
коллаж POLITICO.KZ

«Выход к морю» телеграм-арнасы Қазақстандағы тағы бір шулы бизнес-схемаға қатысты зерттеуін жариялады.

Бұл жолғы зерттеу елге әкелінетін телефондарды верификациялауға, яғни IMEI кодын тіркеуге монополиялық құқық алған ЖШС «ATS Mediafon KZ» компаниясына арналған.

Арнаның мәліметінше, осы көктемнен бері бұл құрылым арқылы 15 миллионға жуық құрылғы тіркеуден өткен. Әрбір IMEI кодын тіркеу құны шамамен 4 мың теңгені құрайды.

Осы уақыт аралығында тапқан 60 миллиард теңге кірісімен, небәрі екі жыл бұрын құрылған бұл фирма табыстылық көрсеткіші бойынша еліміздегі белгілі холдингтер мен өндіруші компанияларды басып озып, Қазақстанның ең ірі компанияларының қатарына кірген.

Телеграм-арнаның жазуынша, жаз айларының өзінде бірқатар депутаттар мұндай құрылымның қаншалықты қажет екеніне, оның мемлекеттік органдармен өзара әрекеттесуінің түсініксіздігіне және жеке деректердің қорғалуына қатысты мәселе көтерген.

«ATS Mediafon KZ» қазақстандықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасын қоса алғанда, орасан зор жеке деректерді жинайтын компания үшін тым «көмескі» көрінеді. Оның қызметі, құрылтайшылары, командасы және деректерді қорғау үшін қолданылатын технологиялары туралы қарапайым сайты да жоқ.

Жеке деректер Қазақстандағы серверлерде сақталуы тиіс деген заң талабының өзі сұрақ тудырады. Whois сервисінің мәліметіне сәйкес, құрылғыларды верификациялауға арналған домен тіркелген екі сервер де АҚШ пен Канадада орналасқан. Арна мұның шабуылдан қорғану үшін жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда, сайттың кері байланыс үшін бөгде «Help Desk» бағдарламалық жасақтамасын пайдалануы, компанияның жеке деректерді қорғауды бірінші орынға қоймайтынын аңғартса керек.

Whois сервисіне сүйенсек, қазақстандықтардың IMEI кодын тіркеп, жеке деректерін қалдыратын сайттың жедел басқаруымен Қазақстанда туып, Ресей паспортын алған Владимир Ахметвалиев есімді азамат айналысады.

Ол «ATS Mediafon KZ» компаниясына операциялық директор болып келгенге дейін, Степногорск тау-химия комбинатында заңгер болып жұмыс істеген. Ол кезде комбинатты Назарбаевтар отбасымен байланысы бар бизнесмен Александр Клебановтың ұлы Яков Клебанов пен ресейлік кәсіпкер Василий Анисимов бақылаған. 2023 жылы олар бұл активті «Росатом» мемлекеттік корпорациясына сатқан.

«ATS Mediafon KZ» иелерінің де Бірінші Президенттің отбасымен байланысы бар болып шықты. Компанияның соңғы бенефициары – Владислав Сафаров.

Жаз айларында қазақстандық БАҚ оны бұрынғы полиция қызметкері, қазіргі Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Талғат Өтеубаевпен байланыстырған. Алайда, арнаның анықтауынша, Степногорск тумасы Сафаров – депутат Өтеубаевтың күйеу баласы, ол депутаттың үлкен қызы Айнұр Өтеубаеваға үйленген.

Талғат Өтеубаевтың өзі Қарағанды облысындағы белгілі кәсіпкер. Ол 90-жылдардың ортасында Қарағанды резеңке-техникалық бұйымдар зауытының активтерін алған «TOO Eurasian Industrial Chemical Group» компаниясының басшысы және тең иесі болған. Бұл фирманың басқа құрылтайшылары қатарында ҰҚК мен ІІМ-нің бұрынғы басшысы Болат Баекенов (2023 жылы қайтыс болды) және Болат Назарбаевтың «BN Invest» компаниясы болған. Кейінірек бұл үлес Болат Назарбаевтың сенімді өкілі Марат Назарбаевқа (Нұрділдә) қайта жазылған.

Депутат Талғат Өтеубаевтың қызы, Владислав Сафаровтың әйелі Айнұр Өтеубаева да жәй қарап отырмаған.

Оның «АЮ» кәсіби және тұлғалық даму орталығы елге «психолог» Игорь Кимді шақыртып, тренингтер өткізеді екен. Ал ол өз кезегінде қазақстандықтарға «контактісіз энергетикалық оргазм» және «ақшаны кешіру» туралы дәрістер оқиды.

Арна бұл жайтты «Оның мемлекеттік органдардың қалайша осындай көмескі компанияға қазақстандықтардың дербес деректерін жинауға және ондаған миллиард теңгені алуға рұқсат бергеніне қатысы әзірге анықталмады» деп қорытындылайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін дәл осы «Выход к морю» арнасы Нұрсұлтан Назарбаевтың немересінде қос азаматтық пен Мәскеуде пәтер барын анықтағаны туралы жазған еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий