"Телефонның бәрі Сұлтанда" - Атырауда мәйіті табылған ерлі-зайыптылардың туысы
Белгілі журналист Жанат Молдашова әлеуметтік желідегі парақшасында Атырау облысында болған резонансты трагедияға қатысты жаңа бейнежазба жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.
Журналистің айтуынша, ауыр қасіретке ұшыраған отбасы әлі де қайғыдан ес жия алмай отыр. Ал Жангелдин ауылының тұрғындарын үрей билеген.
«Қаралы отбасы бұл жауыз қылмыстан кейін өз-өзіне келе алмай жатыр. Жангелдин халқы қатты алаңдаулы. Ағайын-туыс қаскөй қылмыскерді тезірек ұстауды талап етуде. “Марқұмдар сарайдан қалай табылды? Бұған дейін тінту жүргізілген емес пе?” деген сұрақпен мыңдаған адам хабарласып жатыр», – деп жазды Жанат Молдашова.
Оның айтуынша, оқиға басталғалы бері қасында жүрген, марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиев бірқатар сауалдарға жауап берген.
«Бұл – өте ауыр жағдай. Бірақ бұл жеке отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның трагедиясына айналған соң, айтылуы да, жазылуы да керек. Қара жамылған отбасының туыстарына қандай жұбату сөз айтарыңды да білмейсің», – деп қосты журналист.
Осы жазбадан кейін Жанат Молдашова марқұм Мақсот Қарабалиннің інісі Шалқар Мұқанғалиевпен болған сұхбаттың видеосын жариялады.
Шалқар Мұқанғалиевтің айтуынша, марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның туыстар чатына жіберген аудио хабарламалары бар.
«Нәсіп жеңгеміздің ағайын-туыстарының чатына жолдаған аудиосы сақталған. Сол хабарламалардың бірін 7 қараша күні жіберген. Күдік тудырмас үшін әдейі жіберілгендей әсер қалдырады. Қалай болғанда да, ол хабарламаларды біреу жолдап отырған. Қазір барлық телефон Сұлтанда болғаны айтылып жатыр. Сол себепті аудиоларды да Сұлтан жіберген болуы мүмкін деп ойлаймыз», – деді ол.
Соңғы жаңалықтар