Теміртауда есірткі өндірісін ұйымдастырды деген күдікті Ресейден Қазақстанға жеткізілді
Ресейден Қазақстанға Теміртауда аса ірі мөлшерде есірткі өндіруді ұйымдастырды деген күдікті экстрадицияланды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, Қазақстан азаматы ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі болған деген күдікке ілінген.
Тергеу дерегінше, Теміртауда өндірілген психотроптық заттар мен олардың аналогтары Қарағанды облысының аумағында таратылған. Қылмыстық топ мүшелерінен 10 килограмға жуық мефедрон тәркіленген.
Прокуратура мәліметінше, топ заңсыз табысын түрлі қаржылық операциялар арқылы заңдастырған. Соның ішінде криптовалюта айырбастау сервистерін пайдаланып, 1,8 млрд теңгеден астам қаржыны заңдастырғаны айтылған.
Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлік, бизнес нысандары мен көлік сатып алу арқылы 600 млн теңгеден астам қаражат заңдастырылған. Бұл активтерді мемлекет кірісіне өткізу мақсатында оларға тыйым салынған.
Қазір топтың жекелеген мүшелеріне қатысты қылмыстық іс сотта қаралып жатыр. Ал қылмыстық қудалау органдарынан жасырынған басқа сыбайластары, соның ішінде Ресейден жеткізілген күдікті халықаралық іздеуге жарияланған.
Күдікті былтыр қазанда Ресей аумағында ұсталған. Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланып, қазір тергеу изоляторына қамалған.
Оған тағылған айыптар бойынша мүлкін тәркілеумен бірге 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі 2 ай бұрын Грузиядан Қазақстанға экстрадицияланған.
Соңғы жаңалықтар