The Economist: Украинада билік бір қолға шоғырланып барады

The Economist: Украинада билік бір қолға шоғырланып барады
17.04.2025 16:12
0
418
IMAGO/ZUMA Press Wire
Украинада демократия әлсіреп, аппараттық автократия нығаюда

Украинаның басты әлсіз тұсы әскери емес, саяси болуы мүмкін. Елде президент Владимир Зеленскийдің билікті орталықтандыруға бағытталған қадамдары күшейіп барады, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Economist басылымына сілтеме жасап.

Көптеген либералды және байсалды украиндар үкіметтің жемқорлығы мен тиімсіздігін сынға алса, бұл халықаралық қолдауға кері әсер етеді деп қауіптенеді. Ал үнсіз қалу – билікті бір орталыққа шоғырландыруға келісім білдірумен тең.

– Батыс баспасөзінде Зеленскийді мадақтап, жұлдызға айналдырып жатқанда, біз өз елімізде қысым астында қалып отырмыз, – дейді ZN.UA тәуелсіз басылымының редакторы Юлия Мостовая.

Ақпан айында Дональд Трамп Зеленскийді «диктатор» деп атаған соң, ел ішінде президентке қарсы пікір айту одан әрі қиындады. Зеленскийдің қарсыласы жоқ деп санаса, сайлау өткізуі мүмкін, дейді украин шенеуніктерінің бірі.

Бұл ретте мемлекет оппозицияны шеттетуге бағытталған қадамдарды күшейтіп жатыр. Ең ірі оппозициялық партияны басқаратын Петр Порошенко «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірді» деген негізсіз айыппен санкцияға ілініп, активтері бұғатталды. Оған қатысты «мемлекеттік сатқындық» бабы бойынша іс қозғалды. Бұл – саяси бәсекелестерге қарсы құқықтық қысымның айқын мысалы.

Жоғарғы Рада депутаты Алексей Гончаренко:

– Егер Порошенконы сот шешімінсіз сайлауға қатыстырмай тастауға болады екен, онда кез келген басқа адамға да осылай жасауға болады, – дейді.

Граждандық қоғам белсенділері де қысымға ұшырап жатыр. Қорғаныс министрлігіндегі жемқорлықты әшкерелеген антикоррупциялық белсенді Виталий Шабунин майдан шебіне жіберіліп, күн сайынғы іс-әрекеті қадағалануда. Оның айтуынша, бұл – Путиннің билігінің алғашқы жылдарындағы ұсақ, бірақ репрессивті тәсілдерді еске салады.

Украинаның саяси құрылымы Ресейден өзгеше болғанымен, соғыс жағдайындағы билікті шоғырландыру – табиғи құбылыс. Дегенмен Киевтің ең адал жақтастарының өзі бұл үрдістің шектен шығу қаупіне алаңдаулы.

Украин демократиясы ешқашан заң үстемдігіне толық негізделмеген. Онда тепе-теңдік пен плюрализмді өңірлік алуан түрлілік, билік топтарының бәсекелестігі және Батыстың елшілері мен тәуелсіз БАҚ-тардың қолдауы қамтамасыз етіп келген. Алайда бұл факторлардың әсері әлсіреп, кейбірі мүлде жойылып барады.

Қазіргі таңда билік үкімет пен парламентте емес, президент кеңсесіндегі бірнеше лауазымды тұлғаның қолына топтасқан: олар – президент кеңсесінің жетекшісі Андрей Ермак, спичрайтер Дмитрий Литвин және күштік құрылымдарға жауапты Олег Татаров.

Президент аппараты тек оппозицияны ғана емес, әлеуетті бәсекелес ретінде қарастырылатын кез келген тұлғаны шеттетуге тырысуда. Билікке жақын адамдар мемлекеттік компаниялардың директорлар кеңесіне орналастырылса, халықтың қолдауына ие, Батыспен байланысы бар тұлғалар орнынан алынып немесе көлеңкеге ысырылады.

Солардың қатарында – 2024 жылдың ақпанында қызметінен босатылып, Лондонға елші болып жіберілген Қарулы Күштердің бұрынғы Бас қолбасшысы Валерий Залужный бар. Сонымен қатар, экс-инфрақұрылым министрі Александр Кубраков, бұрынғы сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба және қалпына келтіру агенттігінің басшысы Мустафа Найем де қызметтен шеттетілген.

Сын айтатын медиа мен пікір алуандығы қауіп ретінде қарастырылуда. «Украинская правда» басылымының бас редакторы Севгиль Мусаева президент әкімшілігі тәуелсіз журналистикаға қарсы әрекетке көшіп, журналистермен байланыс орнатқан кез келген тұлғаны опасыз ретінде қабылдайтынын айтады.

Украинаның авторитарлық бағытқа бет бұруы таңқаларлық емес – соғыс төртінші жылға аяқ басып, қоғам қатты қысымға тап болып отыр.

Алайда сарапшылар ескертеді: бұл үрдіс елдің ішкі тұрақтылығына нұқсан келтіруі мүмкін. Депутат Гончаренко былай дейді:

– Біз кішкентай демократияның үлкен автократияға төтеп бере алатынын дәлелдедік. Бірақ кішкентай автократияның өзі үлкен автократияға жұтылып кетуі мүмкін.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий