TikTok қазақстандық кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналды – зерттеу

31.10.2025 09:40 Арман Ермеков
TikTok қазақстандық кәсіпкерлер үшін табыс көзіне айналды – зерттеу
0
97
фото: ашық дереккөз

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен TikTok платформасы Қазақстандағы шағын және орта бизнестің дамуына платформаның ықпалын талдауға арналған алғашқы ауқымды зерттеудің нәтижелерін жариялады. Зерттеу TikTok-тың қазақстандық кәсіпкерлер үшін маңызды табыс көзіне айналғанын көрсетті, деп жазады POLITICO.KZ.

Зерттеуге сәйкес, TikTok платформасын апта сайын пайдаланатын әрбір алтыншы кәсіпкер 12% кірісінің жартысынан астамы 50% осы платформадағы белсенділігінің арқасында қалыптасатынын айтқан. Ал TikTok-ты одан да белсендірек пайдалану платформа көмегімен қомақты табыс табатын компаниялар санын екі есе арттыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде TikTok әлем бойынша миллиардтан астам адамды біріктіріп отыр. Қазақстанда да платформа кәсіпкерлік бастамаларды жүйелі түрде қолдап келеді:

  • 2021 жылы бизнеске арналған TikTok for Business платформасы іске қосылды.
  • 2022 жылы Astana Hub-пен бірлесіп, TikTok Startup Academy бағдарламасы басталды (2025 жылға дейін 3 лек шығарылды).
  • 2024 жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірге #ҚазақстандаЖасалған байқауы өткізіліп, оған 800-ден астам әлеуметтік кәсіпкер қатысты.

«Бүгінде цифрландыру абстрактілі ұғым болудан қалды, ол мемлекеттің экономикалық саясатының бір бөлігіне айналды. TikTok – жүйелі жұмыс пен мемлекет қолдауы болған жағдайда жаһандық платформаның жергілікті экономикалық өсімнің құралы бола алатынының айқын мысалы», - деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Төралқа Төрағасы Райымбек Баталов.

Зерттеуді TikTok және «Атамекен» ҰКП қолдауымен тәуелсіз сарапшылар тобы жүргізіп, еліміздің 20 өңірінен 308 кәсіпкерге сауалнама жасады.

Зерттеудің негізгі нәтижелері:

1. Тәжірибелі компаниялар TikTok-ты белсендірек пайдаланады

Зерттеу «TikTok тек жастар мен жаңа стартаптарға арналған» деген пікірді жоққа шығарды. Керісінше, нарықта он жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан компаниялардың 52%-дан астамы платформаны апта сайын белсенді пайдаланады. 5 жылдан 10 жылға дейін жұмыс істейтін компаниялардың 47%-ы да контентті жиі жариялап отырады.

2. TikTok-тағы ең табысты салалар

Платформа түрлі салалар үшін әмбебап құралға айналған:

  • Астанада: Денсаулық сақтау, сұлулық және спорт - 25%.
  • Алматыда: Денсаулық, сұлулық және спорт - 32%, сондай-ақ мәдениет, ойын-сауық және туризм - 26%.
  • Шымкентте: Азық-түлікке жатпайтын тауарларды өндіру және сату - 52%.

Ең жоғары коммерциялық нәтиже көріп отырған салалар – қонақүй бизнесі, ойын-сауық индустриясы, сұлулық пен денсаулық саласы. Бұл TikTok форматының визуалды мазмұнға бай салаларда тиімдірек жұмыс істейтінін көрсетеді.

3. Бизнес TikTok-ты не үшін пайдаланады?

  • 81% – жаңа клиенттер тартуға оң әсер етеді;
  • 79% – бұрыннан бар клиенттерді сақтауға көмектеседі;
  • 71% – бизнесті бәсекелестерден ерекшелендіруге мүмкіндік береді.

4. Табыс әлеуеті және TikTok-тың ЖІӨ-ге үлесі

Зерттеу мәліметтері бойынша, респонденттердің 78,6%-ы платформаны тұрақты пайдаланғанымен, олардың тек 16,9%-ы ғана ақылы жарнаманы сатып алады. Бұл өсу әлеуетінің жоғары екенін білдіреді.

Зерттеу TikTok-тың Қазақстан экономикасына ықпалын бағалау үшін үш сценарийді қарастырды. Консервативті сценарий (платформаны кәсіпкерлердің 10%-ы пайдаланады) бойынша, 2024 жылы Қазақстандағы ШОБ өкілдері тек 7 сектордың өзінде TikTok арқылы шамамен 219 миллиард теңге табыс тапқан.

  • Базалық сценарийде - 15%: Табыс көлемі 329 млрд теңгеге бағаланды.
  • Оптимистік сценарийде - 20%: Бұл көрсеткіш 438 миллиард теңгеге жетті.

«Бұл көрсеткіш елдің бүкіл креативті экономикасының жарты жылдық жалпы қосылған құнымен тең», - делінген зерттеуде.

Егер ШОБ субъектілерінің кем дегенде 20%-ы TikTok-ты белсенді қолданса, алдағы 2-3 жылда платформа арқылы табысының елеулі бөлігін алатын компаниялар саны екі есеге (8 мыңнан 16 мыңға дейін) артуы мүмкін.

TikTok-тың Қазақстанның ЖІӨ-дегі үлесі консервативті сценарий бойынша 0,16–0,32%-ды құрайды. Ал жеткізу тізбегіндегі қосымша белсенділікті ескере отырып, платформаның жиынтық экономикалық әсері 759 млрд теңгеден (ЖІӨ-нің 0,57%-ы) 1 трлн 517,9 млрд теңгеге (ЖІӨ-нің 1,13%-ы) дейін бағаланады.

«Зерттеу нәтижелері TikTok – бұл тек шығармашылыққа арналған платформа ғана емес, сонымен қатар Қазақстандағы мыңдаған шағын және орта бизнес өкілдері үшін нақты табыс көзі екенін көрсетті», – деп атап өтті TikTok компаниясының өкілі Сергей Соколов.

«Біздің шағын және орта бизнес – бұл 4,5 миллионға жуық қазақстандыққа жұмыс орнын ұсынып, елдің ЖІӨ-нің шамамен 40%-ын қамтамасыз етіп отырған адамдар. Олардың табысы — бүкіл экономиканың болашағы. Зерттеу нәтижелері бизнеске өсуге, ал азаматтарға – болашаққа сеніммен қарауға мүмкіндік беретін шешімдер қабылдауға негіз боларына сенеміз», – деп қорытындылады «Атамекен» ҰКП Төралқасының Төрағасы Райымбек Баталов.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий