Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясы мүшелігінен шығатынын хабарлады

11.05.2026 16:33 Арман Ермеков
Төлеутай Рахымбеков «Ауыл» партиясы мүшелігінен шығатынын хабарлады
1372
Фото: facebook.com/toleutay.rakhimbekov.2025

Кезінде «Ауыл» партиясының атынан президенттікке үміткер болған саясаткер Төлеутай Рахымбеков ұйым қатарынан шығатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Саясаткер 2015 жылдың қыркүйегінен бастап өзінің қоғамдық-саяси өмірі аталған партиямен тығыз байланысты болғанын атап өтті. Ол 7 жыл бойы президиум мен саяси кеңес мүшесі болғанын, ал 5 жылдан астам уақыт төрағаның бірінші орынбасары қызметін атқарғанын еске салды.

«Осы жылдары партия мені 2019 жылғы маусымда өткен президент сайлауына, 2021 жылғы қаңтарда және 2023 жылғы наурызда өткен мәжіліс депутаттарының сайлауына кандидат ретінде ұсынды. Ұзақ ой елегінен өткізіп, барлық сайланбалы органдардан және партия мүшелігінен шығу туралы шешім қабылдадым», – деп жазды ол.

Рахымбеков осыған байланысты 4 мамырда өтініш жолдағанын айтып, сенім артқан әріптестері мен партияластарына алғыс білдірді.

Төлеутай Рахымбеков 1964 жылы Қарағанды облысы Атасу ауылында туған. Ол инженер және заңгер мамандықтарын оқып, еңбек жолын қатардағы шеберден бастаған. Кейін Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне дейін көтеріліп, 2017 жылы ауыл шаруашылығы вице-министрі болды. Сондай-ақ саясаткер «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіптік кешен орталығын басқарды.

Ол «Ауыл» қатарына ресми түрде 2019 жылы қосылып, сол жылы президенттікке кандидат болды. Кезектен тыс сайлау қорытындысы бойынша ол 1,13% немесе 97 153 сайлаушының дауысын жинап, 7 үміткердің ішінде 5-орын алды.

Войдите, чтобы оставить комментарий