Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын марапаттады

Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын марапаттады
11.08.2025 16:42
0
89
Сурет Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық олимпиада жеңімпаздарын марапаттап, енді олардың «Болашақ» бағдарламасына емтихансыз қабылданатынын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ саяси-әлеуметтік порталы.

Ақордада өткен салтанатты кездесуде Мемлекет басшысы химия, математика, физика, география, информатика және биология пәндерінен үздік шыққан 24 дарынды оқушыға алтын, күміс және қола медальдері үшін 1500, 1000 және 500 АЕК көлеміндегі ақшалай сертификаттарды табыстады. Президент жастардың жетістігін ұлтымыздың зияткерлік қуатының көрінісі деп бағалады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде дарынды жастарға мемлекет тарапынан қолдау жалғасатынын айтып, келесі жылдан бастап халықаралық олимпиада жеңімпаздарының «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға емтихансыз жіберілетіні туралы шешім қабылданғанын жеткізді. Ол бұл стипендияға «кездейсоқ адамдар емес, нағыз қабілетті, дарынды балалар» іріктелуі керектігін атап өтті.

Сонымен қатар, Президент сөз арасында елімізде «Росатом» компаниясымен бірге салынып жатқан алғашқы атом электр стансасының құрылысы ресми түрде басталғанын еске салды. Ол стратегиялық маңызы бар нысанға үздік атау беру үшін халықтық байқау жариялауды ұсынып, осы сайысқа жеңімпаз оқушыларды да қатысуға шақырды.

 

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий