Тоқаев Ұлттық банк төрағасымен кездесті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов-ті қабылдап, қаржы-экономикалық саланың қазіргі жағдайы мен 2025 жылға арналған негізгі жоспарларды талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.
Кездесу барысында ақша-несие саясаты, инфляцияны төмендету, қаржы секторының тұрақтылығын сақтау және цифрлық қаржы инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ұлттық банк төрағасының айтуынша, елдегі инфляция көрсеткішінде оң динамика байқалады. 2025 жылы инфляция деңгейі 10,4 пайызды құраған, ал өткен жылы ол 12,3 пайызға дейін төмендеген. Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп бағаның өсуін тежеуге бағытталған кешенді шараларды жалғастырып жатыр.
Сондай-ақ қаржы жүйесінің негізгі көрсеткіштері бойынша да өсім тіркелген. Алтын-валюта резервтері рекордтық деңгейге жетіп, 65,4 миллиард долларды құрады. Ұлттық қор активтері бір жылда 5,1 миллиард долларға өсіп, 63,9 миллиард долларға жеткен. Ал Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының активтері 25,1 триллион теңгеге дейін ұлғайған.
Кездесуде цифрлық қаржы экожүйесін дамыту мәселесі де көтерілді. Қазақстанда биометриялық сәйкестендіру, банкаралық есеп айырысу, цифрлық теңге және алаяқтықтан қорғау жүйелерін қамтитын Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымы іске қосылғаны айтылды.
2025 жылы цифрлық активтер саласында 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған. Олардың қатарында активтерді токендеу және стейблкоиндер шығару сияқты жаңа технологиялық бағыттар бар.
Президент қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтаудың стратегиялық маңызын атап өтіп, Ұлттық банк пен Үкіметке макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және инфляцияны одан әрі төмендету бойынша үйлесімді жұмысты күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ол қаржы секторындағы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берді.
Соңғы жаңалықтар