Тоқаев жаңа министрге Астана, Алматы және Шымкентте қоқыс өңдейтін зауыт салуды тапсырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыровты қабылдады. Мемлекет басшысы ведомствоның алдағы негізгі міндеттерін айқындап берген.
Президенттің басты тапсырмаларының бірі – ірі қалаларда қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарататын зауыттар салу. Мұндай нысандар алдымен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бой көтеруі тиіс. Келешекте бұл тәжірибені басқа өңірлерде де жалғастыру жағы қарастырылмақ.
Тоқаев қалдықтарды өңдеу арқылы тұйық циклді экономика қалыптастыру қажет екенін нақтылады. Сондай-ақ орман қорын қалпына келтіру мен ұлттық парктердің инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуы керек.
Кездесуде халықтың экологиялық мәдениетін арттыру мәселесі де қаралды. Бұл ретте «Таза Қазақстан» бастамасын ары қарай тиімді жүзеге асырудың маңыздылығы айтылды.
Әлібек Қуантыров Экология министрі қызметіне жақында ғана кірісті. Оны бұл лауазымға тағайындау туралы шешім биыл 3 қыркүйекте қабылданған болатын.
Соңғы жаңалықтар