Тоқаевтың цитаталары кітап болып жарық көрді

05.08.2026 12:37 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Тоқаевтың цитаталары кітап болып жарық көрді
109

Қазақстанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы 30 жылдан астам уақыттағы ой-толғамдары мен ұстанымдары енген «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты жинақ жарық көрді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Арман Қырықбаев хабарлады.

Жаңа басылымда Мемлекет басшысының елді әділетті, қауіпсіз әрі өркендеген мемлекетке айналдыруға бағытталған идеялары мен түрлі жылдары айтқан таңдаулы сөздері топтастырылған. Басылым мазмұны саналы ғұмырын мемлекеттік іске арнаған тұлғаның өмірлік және кәсіби тәжірибесі негізінде қалыптасқан құндылықтарын көрсетеді.

Кітапты құрастыру барысында Мемлекет басшысының ел болашағы мен ұлт сапасына қатысты көзқарастары бұдан ондаған жылдар бұрын қалыптасқаны, кейіннен бұл ойлар мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарына айналғаны байқалады. Басылым жақын арада барлық мемлекеттік кітапханаларға, университеттер мен колледждерге, сондай-ақ жастар орталықтарына таратылады.

«Жинақ – Мемлекет басшысының Қазақстанды Әділетті, Қауіпсіз және Өркендеген елге айналдыруды көздеген ұлы мұратының сөзбен көмкерілген жиынтық бейнесі. Яғни саналы ғұмырын мемлекет ісіне арнаған тұлғаның соңғы отыз жылдан аса уақыт ішінде көңілге түйгені, ойға тамызық болған ұстанымдары мен құндылықтары. Біздің мақсат – «сөзін оқы және ойла» деп Хакім Абай айтпақшы, тағдыршешті кезеңде мемлекет тізгінін ұстаған Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатының түп өзегін – президенттік миссиясын өз сөзімен негіздеу. Мемлекетіміздің бүгіні мен ертеңін ойлаған, даму бағдарын ұғынуға ұмтылған елжанды азаматтарды осы кітапты оқып-зерделеуге шақырамын», – деп жазды Арман Қырықбаев.

Войдите, чтобы оставить комментарий