Трамптың өкілі Ресейге төрт облысты беру жоспарын ұсынды

Трамптың өкілі Ресейге төрт облысты беру жоспарын ұсынды
14.04.2025 14:32
0
1730
Sputnik/Gavriil Grigorov
АҚШ пен Еуропа шенеуніктері Уиткоффтың ұстанымына алаңдаулы

Трамптың өкілі Уиткофф Ресеймен келісімге келу жолын ұсынды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

АҚШ пен Ресей арасындағы Украина мәселесіне қатысты келіссөздер Вашингтон мен Еуропада алаңдаушылық тудырды. Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф Ресейдің басты талаптарының біріне – Украинадағы төрт облысты (Луганск, Донецк, Запорожье және Херсон) ресми түрде беру мәселесіне қолдау білдіргені белгілі болды.

Reuters агенттігінің дерегінше, өткен аптада Уиткофф Ақ үйде Дональд Трамппен кездесіп, дәл осы ұсынысты талқылаған. Жиын барысында Трамптың Украина бойынша тағы бір өкілі генерал Кит Келлог Уиткоффтың ұстанымына қарсы шықты. Ол Киев ешқашан Ресейге өз аумағын ресми түрде беруге келіспейтінін атап өтті.

Кездесу шешімсіз аяқталды. Бірақ бірден кейін Уиткофф Мәскеуге аттанып, Владимир Путинмен тікелей келіссөз жүргізді. Осы жайт АҚШ әкімшілігі мен оның одақтастары арасында үлкен алаңдаушылық туғызды.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Уиткофф Ресейдің АҚШ санкциясына ілінген өкілі Кирилл Дмитриевпен кездесу үшін өз үйінде жеке кеш ұйымдастырмақ болған. Бұл әрекет қауіпсіздік процедураларына қайшы келеді. Қауіпсіздік қызметтері араласқан соң кездесу Ақ үйде өткен.

АҚШ ресми өкілдері Ресей шенеуніктерімен жеке кездесуден бас тартуға тырысады, өйткені оларды тыңшылық пен ақпарат жинауға пайдалануы мүмкін.

Уиткоффтың ұстанымы Республикалық партия ішінде де қарсылық тудырды. Кейбір республикашылдар оның Ресейге тым жұмсақ қарауын сынады. АҚШ Конгресіндегі партия өкілдері ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Майк Уолтц пен мемлекеттік хатшы Марко Рубиоға арнайы шағымданды.

Республикалық ірі демеушілердің бірі Эрик Левин Уиткоффтың отставкасын талап етіп, оны Ресей мүдделеріне жақын деп айыптады.

Еуропалық дипломаттар да Вашингтонның Украина мәселесінде анық стратегиясының жоқтығына алаңдаулы. Олардың айтуынша, АҚШ әкімшілігінің ішіндегі әртүрлі топтар өзара келісе алмай отыр, ал қауіпсіздік кеңесінің толыққанды жиыны тек бір рет қана өткен.

Көптеген батыс дипломаттары АҚШ-та Украина бойынша нақты бағыт пен мақсаттар жүйесі жоқ екенін мойындайды. Бұл жағдай Еуропа одағында да қауіп тудырады, өйткені Ресейдің келесі қадамына дайындық жеткіліксіз болуы мүмкін.

Стив Уиткофф өз ұсыныстарында Ресейдің шығыс облыстардағы референдумдарын дәлел ретінде көрсеткен. Ол "бұл аймақтар ресейшіл, сондықтан оларды Ресейге беру керек" деген пікір білдірген. Бұл мәлімдеме АҚШ ұлттық қауіпсіздік шенеуніктері мен демократтар арасында үлкен сынға ұшырады.

Керісінше, генерал Келлог Украинаға қолдауды сақтап қалу керек екенін және агрессорға біржақты жеңілдік беруге болмайтынын айтты.

Дональд Трамп өзі Украинаның шығысында тез арада бітімге келуді қалайды және мамырға дейін белгілі бір нәтижеге қол жеткізуді талап етіп отыр. Алайда ішінара жасалған екі келісім – энергетика инфрақұрылымын қорғау және Қара теңіздегі қауіпсіздік бойынша – толық іске аспады.

Бұл жағдай Ақ үйдің ішіндегі және халықаралық аренадағы белгісіздікті одан әрі күшейтіп отыр.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий