Түнде әлемде не болды - 24 наурыз

Түнде әлемде бірқатар маңызды оқиғалар орын алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Киевтегі шабуылдан кейін Зеленский серіктестерге үндеу жасады
Оның айтуынша, Ресей тарапы Украина аспанын күн сайын жүздеген «шахед» дрондарымен атқылап жатыр. Тек өткен түні 97 дрон жойылған. Алайда, өкінішке қарай, бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар бар. Киевте әкесі мен бес жасар қызы қайтыс болды. Ал бір күн бұрын Запорожьеде анасы, әкесі мен қызы қаза тапқан.
“Әр түн – бұл Ресейдің әуе шабуылы. Әр жолы – жүздеген дрон. Көп залал бар. Киевте үш адам көз жұмды. Бес жасар қыз – әкесімен бірге. Запорожьеде – тұтас отбасы. Бұл – қасірет. Бұл – террор. Оны тоқтату үшін көбірек қысым керек”, – деді Зеленский.
Стамбұл мэрінің тұтқындалуы Түркия экономикасына ауыр соққы болды
Түркияның қаржы нарығын реттеуші органы Стамбұл биржасындағы барлық акцияларға қысқа мерзімді сауда жасауға тыйым салды, деп хабарлайды Bloomberg. Бұл шара Стамбұл мэрі Экрем Имамоғлының тұтқындалуынан кейін биржадағы акциялардың 17%-ға күрт құлдырауына байланысты қабылданған. Бұған дейін шектеулер тек ең ірі 50 компанияға қатысты болған еді. Түрік лирасының құны тарихи минимумға дейін төмендеді, ал бұл – 2001 жылдан бергі ең ірі құлдырау. Орталық банк пайыздық мөлшерлемені көтерді.
Оңтүстік Корея парламентінің әрекеті заңсыз деп танылды
Оңтүстік Корея президентінің әкімшілігі премьер-министр Хан Док Судың импичментін парламенттің билікті асыра пайдаланғанының дәлелі деп бағалады, деп хабарлайды Reuters. Қайта қызметіне кіріскен премьер-министр президенттің міндетін уақытша атқарушы ретінде жедел сауда мәселелерін шешуге кірісетінін мәлімдеді.
Сауд Арабиясында Украина мәселесі бойынша келіссөз жалғасады
Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта АҚШ пен Украина арасындағы келіссөздердің екінші кезеңі аяқталды. Украина Қорғаныс министрі Рустем Умеров әлеуметтік желіде келіссөздердің конструктивті әрі нәтижелі өткенін хабарлады. Оның айтуынша, энергетикалық мәселелер жан-жақты талқыланған, алайда келесі кездесулердің уақыты нақты айтылған жоқ.
Ресей делегациясы АҚШ-пен келіссөзге Сауд Арабиясына келді
Сонымен қатар, Ресей делегациясы да Эр-Риядқа келіп жетті, деп хабарлайды ТАСС агенттігі. Делегацияны Федерация Кеңесінің халықаралық комитетінің басшысы Григорий Карасин бастап келді. АҚШ пен Ресей арасындағы Украина мәселесіне қатысты келіссөздер бүгін таңертең басталады деп жоспарланған.
Соңғы жаңалықтар




