“Түнде кездесуге шақырды”: Атыраудағы НИШ мұғалімінің оқушыға түнде жазған хабарламалары дау тудырды
Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебінің әскери дайындық пәнінің мұғаліміне қатысты дау туындады, деп хабарлайды Politico.kz.
Кәмелетке толмаған оқушының туыстары педагог қызға түнгі уақытта WhatsApp арқылы жазып, кездесуге шақырғанын айтып, жағдайға құқықтық баға беруді талап етуде.
Туыстарының айтуынша, мұғалім оқушының телефон нөмірін сыныптастарының бірі арқылы алған. Кейін кешкі сағат 22:00-ден кейін қызға хабарлама жазып, оның жағдайын сұраған, тамақ ішкен-ішпегеніне қызығушылық танытқан және жылы киінуге кеңес берген. Сонымен қатар, кездесуге ұсыныс жасағаны айтылды.
Оқушы бұл хаттарды құрбыларына көрсеткеннен кейін, оның достарының бірі мұғалімге қоңырау шалып, мектеп оқушысымен мұндай сипатта сөйлесудің себебін сұраған. Бұған жауап ретінде педагог өз әрекетін әзілмен түсіндіріп, барлығымен осылай сөйлесетінін, отбасы мен балалары бар екенін айтқан.
Алайда оқушының ағасының сөзінше, осы әңгімеден кейін де мұғалім қызға хабарласуын жалғастырып, бұрынғы жазбаларын басқаша түсіндіруге тырысқан. Оның айтуынша, педагог кездесуге шақырмағанын, тек сабаққа кімнің келмегенін білгісі келгенін алға тартқан.
Оқушының туыстары мектеп басшылығына жүгініп, оқиғаны ресми түрде тексеруді және мұғалімнің әрекетіне заң аясында баға беруді талап еткен. Олар педагогтың бір мектептен кетуі мәселені толық шешпейтінін айтып, мұндай жағдайдың басқа білім беру ұйымдарында қайталануына жол бермеу қажеттігін атап өткен.
«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы әлеуметтік желіде жарияланған ақпаратқа байланысты тексеру басталғанын растады.
Ұйымның мәліметінше, оқушылардың қауіпсіздігін қорғау саясатына сәйкес, мектеп қауіпсіздігі қызметі жарияланымда көрсетілген жағдайлардың мән-жайын анықтауға кіріскен. Қазір мәселе ұйым басшылығының бақылауында.
Тексеру қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнама мен ұйымның ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес тиісті шаралар қабылданатыны хабарланды. Сонымен қатар, НИШ өкілдері оқушылардың қауіпсіздігі мен құқықтарын қорғау басты басымдық екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар