Туризм және спорт министрлігі туроператорларға шұғыл ескерту жасады
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі туроператорларға Таяу Шығыс елдеріне турларды уақытша сатпауға кеңес берді, деп хабарлайды Politico.kz.
Мұндай шешім аймақтағы жағдайдың шиеленісуі мен әуе кеңістігіне енгізілген шектеулерге байланысты қабылданған. Министрлік азаматтарға да Таяу Шығыс өңіріне сапарды кейінге қалдыруды ұсынды. Ресми мәліметке сәйкес, аймақтағы әскери қақтығыстар тоқтап, жағдай тұрақталғанға дейін бұл бағыттарға барудан бас тарту қауіпсіз болады.
Бұл шектеулер уақытша сипатқа ие және өңірдегі жағдай тұрақтанып, туристердің қауіпсіздігі толық қамтамасыз етілгеннен кейін ғана қайта қаралады.
Сондай-ақ Қазақстанның аталған елдердегі дипломатиялық өкілдіктері күшейтілген жұмыс режиміне көшкен. Олар ел азаматтарына консулдық-құқықтық көмек көрсетіп, қажет болған жағдайда қазақстандықтарды эвакуациялау бағыттарын да пысықтап жатыр.
Айта кетейік, 28 ақпаннан кейін Таяу Шығыс елдеріне сапарға шығатын туристерге туркод арқылы берілетін кепілдік жүйесі қолданылмайды. Турды кейінге қалдыру немесе қайтару мәселесі бойынша азаматтарға өздерінің туристік агенттіктеріне жүгіну ұсынылады.
Последние новости