«Туыстары кешірсе…»: Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апатқа кінәлі жазадан құтыла ала ма?

03.06.2026 18:15 Қарақат АСЫЛОВА
«Туыстары кешірсе…»: Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апатқа кінәлі жазадан құтыла ала ма?
205
Депутат Әл-Фарабидегі жантүршігерлік апатқа қатысты мәлімдеме жасады

Әл-Фараби даңғылында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс жәбірленуші тараптың кешірім беруіне қарамастан тоқтатылмайды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов мәлімдеді. Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары қоғамда үлкен резонанс тудырған жол апаттарынан кейін заңнамаға өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес адам қаза тапқан істер бойынша тараптардың татуласуы қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз бола алмайды.

«Марқұмдардың туыстары күдіктіні кешірсе де, бұл істің жабылуына немесе жазадан құтылуына мүмкіндік бермейді. Мұндай жағдай сотта тек қосымша мән-жай ретінде ғана ескерілуі мүмкін», – деді депутат.

Сондай-ақ Айтуар Қошмамбетов аталған іс бойынша амнистия мәселесін көтеруге әлі ерте екенін атап өтті. Оның пікірінше, мұндай жағдайларда заңның бұлжымай орындалуы және жазаның сөзсіз болуы басты қағида болып қала береді.

Депутат бұған дейін апаттың кейбір мән-жайларын жасыру әрекеттері туралы да сұрақтар туындағанын еске салды. Сондықтан кінәлі тұлға заң аясында жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.

Сонымен қатар ол бұл бап бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылмағанын айтты. Себебі аталған құқық бұзушылық қасақана жасалған қылмыс санатына жатпайды.

Қазіргі уақытта іс бойынша тергеу және сотқа дейінгі рәсімдер жалғасуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий