Экс-министр Бекетаев түрмеде қара жұмыста

03.06.2026 17:29 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Экс-министр Бекетаев түрмеде қара жұмыста
278
Фото: primeminister.kz

Сотталған бұрынғы әділет министрі Марат Бекетаев қазір жазасын өтеу орнында қара жұмыспен айналысып жатыр, деп хабарлайды BES.media.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің сөзіне қарағанда, экс-шенеунікті бас бостандығынан айыру орындарында жұмысқа орналастыру мәселесі шешілген, алайда оның нақты қандай қызмет атқарып жүргені ведомство тарапынан ашып айтылмады.

«Бекетаевке қатысты айтарым, ол бас бостандығынан айыру орнында отыр және оның қайда екенін туыстары мен адвокаттары біледі, ал қазіргі уақытта жұмысқа орналастыру мәселесі толық шешілген. Сондықтан бұл жеке сипаттағы ақпарат деп ойлаймын, оны қорғаушылары мен отбасы мүшелері біледі, ол еңбекпен айналысуда, яғни зияткерлік емес, физикалық жұмыс істеп жатыр», — деді Санжар Әділов.

2025 жылы Марат Бекетаев алаяқтық, аса ірі мөлшерде қаржы жымқыру және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу фактілері бойынша кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп 9 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қылмыстық іс құпия белгісімен тергелгендіктен, сот процесінің басқа да егжей-тегжейлері көпшілікке жария етілмеді.

Бұрынғы министр 1998 жылы Қазақ мемлекеттік заң институтын бітіріп, кейін Лондон экономика және саяси ғылымдар мектебінде магистр дәрежесін алған. Ол 2016 жылдан 2022 жылға дейін әділет министрі қызметін атқарып, Қаңтар оқиғасынан кейін лауазымынан кетті де, премьер-министрдің кеңесшісі болып жұмыс істеді, алайда 2022 жылдың желтоқсанында бұл қызметінен де босатылды.

Айта кетейік, қазіргі таңда елімізде бір мезетте қылмыстық және әкімшілік амнистия жүргізу жоспарланып отыр. Министрдің орынбасары Кәрім Мәсімов, Перизат Қайрат және Қуандық Бишімбаев сияқты істі болған тұлғалардың осы рақымшылыққа ілігу немесе ілікпеу мәселесіне жауап берді.

Войдите, чтобы оставить комментарий