Украина мен Ресейдің Стамбұлдағы келіссөздері 16 мамырға шегерілді

15 мамырға жоспарланған Украина мен Ресей делегациялары арасындағы Стамбұлдағы келіссөздер өтпейтін болды, деп хабарлайды POLITICO.KZ Ulysmedia.kz ақпарат алаңына сілтеме жасап.
Бұл туралы бірден бірнеше дереккөз, соның ішінде ТАСС және «Интерфакс» агенттіктері хабарлайды. Олардың мәліметінше, келіссөздер логистикалық проблемаларға байланысты 16 мамырға ауыстырылған.
ТАСС өз дереккөздеріне сілтеме жасап, делегациялар кездесуі бұрын күтілгендей бейсенбіде (15 мамырда) өтпейтінін растады. Осыған ұқсас ақпаратты «Коммерсантъ» басылымы да келтіріп, Украина делегациясы Түркияға 15 мамыр кешкісін жететінін, бірақ бұл күні келіссөздер болмайтынын нақтылайды.
Келіссөздерде Украинадан кімдер бар?
Украина делегациясын қорғаныс министрі Рустем Умеров басқарды. Делегация құрамында Сыртқы істер министрі Андрій Сибіга, Президент Офисінің басшысы Андрій Єрмак, Украина Қарулы Күштері Бас штабының бастығы Андрій Гнатов, Украина Қауіпсіздік қызметінің (СБУ) басшысы Василь Малюк және Украинаның барлау құрылымдарының өкілдері бар.
Президент Володимир Зеленськийдің айтуынша, Украина тарапының негізгі мақсаты – атысты тоқтату шарттарын талқылау. Зеленський делегацияға мұндай келіссөздер жүргізу үшін тиісті мандат берілгенін атап өтті.
АҚШ өкілдерімен кездесулер жоспарланған
Украина делегациясы Түркияда кем дегенде 16 мамырға дейін қалады. Жоспарда – АҚШ ресми тұлғаларымен де кездесулер бар. Киев ағымдағы консультацияларды бітім орнату бағытындағы маңызды қадам деп санайды.
Бұған дейін Володимир Зеленський Ресей делегациясының құрамында стратегиялық шешімдер қабылдауға уәкілетті тұлғалардың жоқтығын алға тартып, өзі Стамбұлға ұшпайтынын мәлімдеген болатын.
Соңғы жаңалықтар





