Украина министрі КҚК-ға шабуыл туралы: Қазақстанды көздеген жоқпыз
Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига Қазақстанның мұнай экспортына арналған инфрақұрылымына әдейі соққы жасамағанын мәлімдеді. Киев өкілі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) бағытындағы соңғы оқиғаларға қатысты түсініктеме беріп, елдің аумақтық тұтастығын қолдаған Астананың ұстанымына ризашылық білдірді, деп хабарлайды Politico.kz.
Министр Андрей Сибига бұл туралы Ulysmedia.kz порталына берген сұқбатында әңгімеледі.
— Қазақстан бейтарап позицияны ұстанады: аннексияны мойындамайды және Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайды. Бұл ретте Қазақстан мұнайын экспорттайтын танкерлер 14 шілдеде шабуылға ұшырады. Бұл біздің экономикамызға соққы болып тиеді, өйткені мұнай экспорты бюджетке үлкен үлес қосады. Каспий құбыр консорциумы арқылы өтетін қазақстандық мұнай өндірісімен америкалық компаниялар айналысады және бұл мұнай Еуропаға өтеді. Украина КҚК-ға, соның ішінде Қазақстан мұнайына, бұдан кейін шабуыл жасалмайтынына кепілдік бере ала ма?
— Ең алдымен, біз Қазақстанның аумақтық тұтастығымыз бен егемендігімізді қолдаудағы принципиалды позициясын өте жоғары бағалаймыз. Бұл өте маңызды, сондай-ақ Қазақстанның бұл ұстанымы аймақтағы басқа елдер үшін де бағдар болып отыр. Сол үшін ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстанның ешқандай нысаны ешқашан Украина тарапынан соққы нысанасы болған емес. Бұны сізге кесіп айта аламын. Мұның басты себебі — Ресейдің агрессиясы. Украина тек өзін қорғап жатыр. Қазіргі уақытта ресейліктер Қара теңіздегі Украинаның агроөнімдерін экспорттайтын дәнді дақылдар коридорын және теңіз жолын бұғаттап тастады. Олар Украина порттарына қарай бет алған барлық кемеге, сондай-ақ Одессаның порттық инфрақұрылымына шабуыл жасап жатыр. Украина өзін қорғайды, жауап береді және қарсы әрекет етеді. Біз бұны әрі қарай да жасаймыз, бұл — БҰҰ Жарғысының 51-бабына негізделген біздің заңды құқығымыз. Қайталап айтамын, Қазақстанның ешқандай нысаны ешқашан біздің нысанамыз болған емес.
— Демек, бұл кездейсоқ жағдай болғаны ма?
— Қазіргі таңда біз Қазақстан тарапымен өте жақсы, прагматикалық әрі дұрыс диалог жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта мұндай оқиғаларды болдырмау үшін сыртқы істер министрімен де бұл мәселені жеке талқыладым.
— Осындай конспирологиялық пікірлер де бар, соны ашық айтайын: бұл мұнай өндірісімен америкалық компания да айналысады. Бұл соңғы шабуыл 14 шілдеде, Зеленский мырзаның Ақ үйге сапарына тура екі апта қалғанда болды. Бұл шабуылдар Америкаға жасалған жанама қысым болуы мүмкін бе?
— Тағы да қайталап айтамын: мұның бәрінің басты себебі — Ресейдің агрессиясы мен ресейлік провокациялар. Оны анық айта аламын.
— Демек, бұл жерде ешқандай конспирология жоқ, оны жоққа шығарасыз ба?
— Мен сізге басты себебін айттым, мәселеге сол тұрғыдан қарау керек деп ойлаймын. Мұндай жағдайдан кім көп пайда көріп отырғанына назар аударған жөн. Сол себепті мұндай инциденттер қайталанбауы үшін біз қазақстандық әріптестерімізбен тығыз әрі прагматикалық байланыста жұмыс істеп жатырмыз.
Соңғы жаңалықтар