Украиналық тұтқын Александр Гудилин Ресейдегі азапты айтып берді

Украиналық тұтқын Александр Гудилин Ресейдегі азапты айтып берді
15.04.2025 12:12
0
420
ВЯЧЕСЛАВ РАТИНСКИЙ/SUNDAY TIMES
Украиналық тұтқын Александр Гудилин Ресей түрмесінде 1000 күн азап шеккен

Украина азаматы Александр Гудилин Ресей тұтқынында болған кезде бастан өткерген ауыр азаптары туралы баяндап берді, деп хабарлайды POLITICO.KZ The Sunday Times басылымына сілтеме жасап. 

2022 жылдың 12 сәуірінде Мариуполь қаласын қорғау кезінде тұтқынға түскен Гудилин Ресей түрмелерінде мың күнге жуық уақыт өткізген. Былтырғы жылдың соңында екі тараптың әскери тұтқын алмасуы кезінде ол босатылған 150 сарбаздың бірі болды. Қазір Винница қаласында тұрып, реабилитациядан өтіп жатыр.

Гудилиннің айтуынша, ресейлік түрмелерде зорлық-зомбылық жүйелі түрде жүргізілген. Ол алғаш ұсталған күннен бастап соққыға жығылып, қорлау мен қысымға ұшыраған.

«Тұтқында болған алғашқы сәттен бастап-ақ ешқандай Женева конвенциясының ережесі сақталмайтынын түсіндім», – дейді ол.

Оның айтуынша, түрме қызметкерлері тұтқындарды күнделікті ұрып-соғып отырған. Тіпті кейбір күзетшілер қорлау мен зорлықтан ләззат алған көрінеді. Бір офицер тұтқындарды ұрар алдында «Вечно молодой, вечно пьяный» әнін қосып, психологиялық қысым көрсеткен. Сондай-ақ тұтқындардың шағымына жауап ретінде камераларды көзден жас ағызатын газбен толтырып отырған.

Бір жыл бойы әртүрлі түрмелерге ауыстырылып, үнемі азапталған Гудилин кейінірек Горловка түрмесіне ауыстырылғанын айтады. Бұл жерде ұрып-соғу азайғанымен, тұтқындар бір-бірімен араласып, әртүрлі дәрістер ұйымдастырып, тіпті ағылшын тілін үйренген екен.

2024 жылдың соңында Ресей жағы Гудилинге Мариупольге қайта оралып, жұмыс пен баспана беруді ұсынған. Алайда ол бұл ұсыныстан бірден бас тартқан.

Қазір Гудилин қалыпты өмірге қайта бейімделу қиын екенін жасырмайды. Дегенмен, тұтқында жүргенде армандаған қарапайым істерді орындауға мүмкіндік туғанына қуанады.

«Түрмеде армандаған нәрселерімді жасауға мүмкіндігім бар. Кітап оқып, ұнаған үзінділерді жазып аламын. Бұл аз көрінсе де, еркіндіктің нағыз белгісі», – дейді Гудилин.

Ол Ресеймен жасалған қандай да бір бітімгерлік келісімнің тұрақты болатынына сенбейді және Батыс елдерінің көмегімен Украинаның күресті жалғастыра беруі керектігін айтады.

Қазіргі таңда Ресей тұтқынында әлі де мыңдаған украиналық сарбаздар мен бейбіт тұрғындар қалып отыр. Украина билігі олардың қайтарылуын келіссөздердегі негізгі шарттардың бірі ретінде атап көрсетуде.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий