Университет ректоры 8 жылға сотталды

Марат Оспанов атындағы университет ректорына сот үкімі шықты, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Алматы облысының Іле аудандық соты Марат Оспанов медицина университетінің бұрынғы ректоры, 51 жастағы Әсет Қалиевке және кәсіпкер Инесса Мутурғановаға қатысты үкім шығарды.
Сот материалдарына сәйкес, Қалиевке ірі көлемде пара алу, ал Мутурғановаға ірі көлемде пара беру бойынша айып тағылған.
Тергеу деректері бойынша, 2022 жылдың күзіне қарай ректор қызметіне жаңадан тағайындалған Қалиев кәсіпкер Мутурғановаға «Samruk-Kazyna Trust» қоры арқылы онкологиялық науқастарды оңалтатын бөлімге арналған медициналық жабдық сатып алу үшін қайырымдылық қаржы алуды ұсынған. Ол бизнесвуменге өзіне бағынышты компаниялар атынан коммерциялық ұсыныс жолдап, келісімшарттарды рәсімдеуге көмектесуге уәде берген.
2023 жылдың қыркүйегінде университет пен қор арасында 249 миллион теңгеге қайырымдылық келісімі жасалды. Осыдан кейін Мутурғанованың «Aspasia LTD», «KIFMED» және ИП «Власова» атты компаниялары ректордың ықпалымен бірнеше рет тендер ұтып, жалпы сомасы 196 миллион теңгеге жуық жабдық жеткізген.
2023 жылдың желтоқсанынан бастап 2024 жылдың мамырына дейін университет аталған фирмаларға 182 миллион теңгеден астам қаражат аударған. Алайда қалған төлемдер кешіктірілген соң, 2024 жылдың 28 мамырында Мутурғанова Ақтөбеге келіп, «Дастан» қонақүйінің маңында Қалиевке 11,64 миллион теңге көлеміндегі параны қолма-қол берген.
Сол түні Антикор қызметкерлері Қалиевтің үйіне тінту жүргізіп, дәл осы ақшаны тоңазытқыштың ішінен тапқан.
Сот барысында Қалиев те, Мутурғанова да өз кінәсін мойындаған жоқ. Олар бұл қаражатты «демеушілік көмек» ретінде түсіндірмек болды. Алайда судья олардың уәжін негізсіз деп тауып, кінәлары дәлелденді деген шешім шығарды.
Нәтижесінде Әсет Қалиев 8 жылға бас бостандығынан айырылып, мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалінен айырылды. Ал Инесса Мутурғанова да 8 жылға сотталып, үкім жарияланған сәтте сот залынан қамауға алынды.
Қалиев Әсет Әскерұлы — дәрігер-хирург, медицина саласының маманы, Батыс Қазақстан медицина университетінің бұрынғы ректоры.
1974 жылы Ақтөбе облысының Хобда ауданына қарасты Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. Орта мектепті тәмамдағаннан кейін медицина саласын таңдаған.
Соңғы жаңалықтар




