Уролог: Ер адам жыныстық жолмен инфекция жұқтырып, бес әйелін өлтірді

11.08.2026 14:11 Томирис САҒЫНДЫҚ
Уролог: Ер адам жыныстық жолмен инфекция жұқтырып, бес әйелін өлтірді
386
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Уролог-андролог Ернұр Айнаев адам папилломавирусының (АПВ) әйелдер денсаулығына тигізетін қаупі мен отбасылық жұптар арасында жұқпалы дерттердің таралу себептерін айтып берді. Маманның сөзінше, белгілердің болмауы инфекцияның жоқтығын білдірмейді, ал уақытылы тексерістен өтпеудің соңы ауыр салдарға алып келуі мүмкін, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы уролог журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

«Мәселен, адамның папилломавирусы деген инфекция бар. Ол әйелдерде жатыр мойны рагының дамуына алып келеді. Менімен бірге жұмыс істеген онколог маманның тәжірибесінде мынадай оқиға болған: бір ер азамат өзінің бес бірдей әйелін жер қойнына тапсырған. Яғни, ол бірінші әйел алады, ол жатыр мойны рагына шалдығып, қайтыс болады. Содан соң екінші әйел алады, осылайша бес рет қайталанады. Ал ол еркектің өзі — адам папилломавирусының ең агрессивті, жоғары қатерлі түрін тасымалдаушы. Ол вирусты әйеліне жұқтырады да, әйелі бір-екі жылдың ішінде көз жұмады. Мұның бәрі — жұқпалы инфекцияның салдары. Сол онкологпен сөйлескенде: «Сонда ол әйелдер алдыңғы жұбайларының неден қайтыс болғанын сұрамай ма?» — деп таңғалдым. Қазір мұндай жағдайлар өте көп. Әйелдерде сүт безінің рагы мен жатыр мойны рагы жиілеп кетті. Бұған осы вирустың тигізіп жатқан кері әсері өте үлкен», — деді Ернұр Айнаев.

Уролог отбасылық өмірдегі АПВ сияқты емделмейтін вирустардың жұғу механизмі мен бұл мәселедегі қос тараптың жауапкершілігі туралы айтты.

«Біз ер азаматтарға «әйеліңіз босанған соң 40 күн бойы шыдай тұрыңыз» деп жиі айтамыз. Әйел жаңа өмір сыйлап, ұрпақ өрбітіп жатқанда, кейбір еркектер сыртқа барып, жеңіл жүріске салынып, әйеліне вирус жұқтырып келеді. Одан соң әйел босанып, жыныстық қатынасқа түскенде, оған осындай «сый» жасайды. Күнделікті тәжірибеде мұндай жайттарды көріп отырғандықтан, мұны сарапшы ретінде де, ашық түрде де айтуға тура келеді. Өйткені вирус жұққаннан кейін адам папилломавирусы ағзадан толық кетпейді. Одан соң әйел денсаулығын үнемі тексертіп, вирустың белсенділігін төмендетіп отыруы тиіс. Әрине, бұл жерде тек еркектерді ғана айыптауға болмайды. Оларға әйелдер жақындамаса, «қызды 40 үйден тыю» сияқты әдеп-ғұрыптарымыз бен моральдық нормаларымыз дұрыс сақталса, мұндай жағдай болмас еді. Еркек біреуге барса, демек, ол жақта да бір әйел бар деген сөз. Ал ол инфекция қайдан келді?» — деді уролог.

Дәрігер вирустық инфекциялардың толық емделмейтінін және тосқауылдық контрацепция құралдарының 100 пайыздық қорғанысты қамтамасыз ете алмайтынын мәлімдеді. Оның айтуынша, дерттің алдын алудың жалғыз тиімді жолы — кездейсоқ жыныстық қатынастардан бас тарту.

«Бұл вирус толық емделмейді. Қазір оның қайдан басталғанын анықтау «тауық бұрын пайда болды ма, әлде жұмыртқа ма» дегенмен пара-пар. Бұл дерттің таралуын тоқтатудың жалғыз жолы — кездейсоқ жыныстық қатынастардан тыйылу. Жатыр мойны рагы мен инфекциялардан 100% қорғайтын медициналық құрал жоқ. Тіпті мүшеқаптың өзі вирустардан толық қорғай алмайды. Себебі вирустар тері арқылы да жұғады, ал мүшеқап микроскопиялық тесіктерден тұратындықтан, көзге көрінбейтін вирус бөлшектерін өткізіп жіберуі мүмкін. Маған келетін ер азаматтардың көбі «мүшеқап қолдандым» дегенімен, басталған инфекцияны жұқтырып алып жатады. Сондықтан мұндай дерттен сақтанудың жалғыз жолы — некеге дейін тазалықты сақтау, не тек өзінің адал жұбайымен ғана болу. Өкінішке қарай, кейбір әріптестеріміз «мүшеқап қолданыңдар, сонда инфекция жұқпайды» деп жатады. Бірақ бұл — түпкілікті шешім емес. Біріншіден, бұл — үлкен күнә, екіншіден, инфекция бәрібір жұғады және ол ағзада асқынып кетеді. Мәселен, ер жігіттерге инфекция түскенде, ол азырақ мөлшерде түскендіктен, оларда бірден ірің ағу сияқты айқын симптомдар байқалмауы мүмкін. Содан олар «менде бәрі дұрыс» деп ойлайды. Еленбей жүре береді», — деді дәрігер.

Войдите, чтобы оставить комментарий