Уролог: Тепсе темір үзетін жігіттердің өзінде ұрық болмай шығады

11.08.2026 14:24 Томирис САҒЫНДЫҚ
Уролог: Тепсе темір үзетін жігіттердің өзінде ұрық болмай шығады
78

Уролог-андролог Ернұр Айнаев отбасын жоспарлау кезеңінде жастардың, әсіресе ер азаматтардың денсаулығын тексерту мәдениеті кенжелеп тұрғанын хабарлайды. Симптомсыз өтетін инфекциялар мен репродуктивті бұзылыстардың уақытылы анықталмауы кейіннен шаңырақтың шайқалуына әкеп соғуда. Маман некеге отырмас бұрын міндетті түрде дәрігерлік тексерістен өту керектігін ескертеді, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы уролог журналист Жанар Байсемізге берген сұқбатында айтты.

«Кейбір жігіттер 25 жасқа келгенше бірнеше рет бойжеткендермен кездесіп, инфекция жинап алады. Ал бойжеткен болса, өзін пәк күйінде сақтап, ешкіммен болмай, адал жар болуды армандап тұрмысқа шығады. Алайда сол пәк, дені сау қызға күйеуі бұрынғы қатынастарынан жинаған инфекциясын жұқтырады. Одан соң қызда цистит басталады, емделеді, сараптама тапсырғанда инфекция шығады. Арада ұрыс-керіс басталып, соңы отбасының ажырасуына алып келеді. Мен сондай ер азаматтардан: «Неге тұрмыс құрмай тұрып тексерілмейсіңдер?» — деп сұрасам, олар: «Маған ештеңе мазалаған жоқ, бәрі жақсы болды», — деп жауап береді», — дейді уролог-андролог Ернұр Айнаев.

Ер азаматтардың отбасын құрмас бұрын денсаулығын уақытылы тексертуі — болашақ ұрпақ пен отбасы амандығының негізгі шарты. Маманның сөзінше, белгілі бір ауру симптомдарының байқалмауы репродуктивті жүйенің сау екенін білдірмейді. Сол себепті әке болуды жоспарлаған әрбір азамат некеге дейін тиісті диагносткадан өтіп, жеке денсаулығына жауапкершілік танытуы тиіс.

«Егер сен пәк, адал әйел іздесең, өзің де оған сай болуың керек емес пе? Оған бұрынғы қателіктеріңнің салдары ретінде инфекция арқалатып қояды. Ештеңе ауырмады деген сөз — денсаулығың сау дегенді білдірмейді. Кейде жігіттер келеді, тепсем темір үземін деп ойлайды, бірақ бір ұрығы жоқ болып шығады. Оны тек микроскоппен қараған сараптама ғана көрсетеді. Сол себепті, әрбір ер азамат отбасын құрмас бұрын және әке болуды жоспарламас бұрын, уақытылы тексерістен өтіп, денсаулығына жауапкершілікпен қарауы тиіс», — деді дәрігер.

Войдите, чтобы оставить комментарий