Ұзатылатын қыз ақ көйлек кимеген - Света Айтбаева

Әлемге танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева қызы Раушанның ұзату тойынан кейін алғаш рет El-Women жобасына сұхбат берді. Өнер иесі қуанышты күннің мәні, қазақ дәстүрлерінің насихатталуы және бүгінгі қазақ әйелінің миссиясы жайлы ой бөлісті, деп хабарлайды POLITICO.KZ El.kz-ке сілтеме жасап.
Светлана Айтбаеваның айтуынша, Раушанның ұзату тойының басты мақсаты – ұлттық салт-дәстүрді дәріптеу. Арнайы ойластырылған сценарийде шарғы салу, табақ тарту секілді қазақы рәсімдер орындалып, қонақтар нағыз қазақы тойдың көрінісін тамашалады.
Көпшілікке Димаш пен Мансұрдың өнері жақсы таныс болса, Раушан жайлы дерек аз. Анасының сөзіне қарағанда, ол да өнерге жақын болғанымен, өзінің өмірлік жолын медицина саласынан тапқан.
«Біздің жақта ұзатылатын қыз міндетті түрде қызыл түсті киім киеді. Қазір ақ киеді, көк киеді. Ол дұрыс емес. Ақ киімді – келін болып түскен кезде киеді. Алтайдың ар жағынан келген бір қандасымыз, бір ұзату тойда қыздың аспан түстес көк көйлегін көріп «көк кигені несі, бұл дұрыс емес. Қыз бала қызыл кию керек. Ол жердегі қызыл гүл ғой. Көкті – өсіп-өнген, асарын асап, жасарын жасаған, көкке қарай жол тартып келе жатқан мағынада ғой, болмайды ғой» деді. Мен таңқалып қарағанмын. Алтайдың ар жағында қазақ дәстүрінің қаймағы бұзылмай сақталып келе жатқаны белгілі ғой», - дейді ол.
Светлана Айтбаева сұхбат барысында қыз жасауына ерекше көңіл бөлгенін айтты. Жасауға күй шығаратын музыкалық аспап, теледидар сынды техникаларды салуға болмайтынын ескертті. Оған қоса қыз бала ұзату тойында тек қызыл көйлек киіп, таң шуағымен, күн сәулесімен ұзатылуы керек екенін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар





