Үздік оқыған түлектер бірден «аға лейтенант» шенін алады
Қазақстанда әскери оқу орындарын үздік тамамдаған жастарға бірден «аға лейтенант» дәрежесін беру туралы заң жобасы Парламентте қаралып жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Бүгін Ақордада Отан қорғаушы күніне арналған салтанатты жиын өтіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сардарлар мен сарбаздарды алдағы Жеңіс күнімен қоса құттықтап, оларға мемлекеттік марапаттар мен әскери шендерді табыстады.
Мерекелік шара барысында ол армияны заман талабына сай нығайтып, еліміздің қорғаныс қабілетін арттыруға баса мән беріліп отырғанын жеткізді.
Сонымен қатар ол әскерилер мен құқық қорғаушыларды әлеуметтік қолдау шаралары жақсарып, күштік құрылымдар қатарына жастарды тарту ісі мықтап қолға алынғанын атап өтті.
«Қауіпсіздік мәселелері, еліміздің қорғаныс қабілетін күшейту, қызметтердің беделін көтеру – негізгі мемлекеттік басымдықтар мен міндеттер. Соңғы жылдары әскери қызметшілерге, құқық қорғау және арнаулы органдар қызметкерлеріне кеңінен қолдау көрсетіліп келеді. Атап айтқанда, ипотекалық бағдарламалар іске қосылды, еңбекақы көлемі кезең-кезеңімен артып, әлеуметтік жеңілдіктер көбейді. Күштік құрылымдар сапына жастарды көптеп тартып, кадрлық әлеуетті нығайту ісіне көңіл бөлінуде. Мен әскери оқу орындарының үздік түлектерін ынталандыру жөнінде тапсырма бердім. Парламентте үздік білім алушыларға оқуды тәмамдаған кезде бірден «аға лейтенант» дәрежесін беруге қатысты тиісті түзетулер қарастырылып жатыр. Жалпы, биыл және келесі жылдар әскери білім беру сапасын арттыруға арналуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Соңғы жаңалықтар