Вьетнамда қазақ қызы жоғалып кетті: СІМ мәлімдеме жасады
1999 жылы дүниеге келген қазақстандық Әсем Әубәкір Вьетнамға жасаған сапары кезінде із-түссіз жоғалып кеткен, деп хабарлайды Politico.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі аталған жағдайға байланысты ресми түсініктеме берді.
Ведомствоның хабарлауынша, қазақстандық дипломаттар жоғалған қызды іздестіру жұмыстарына қазірдің өзінде тартылған.
«Қазақстанның Вьетнамдағы елшілігі Әсем Әубәкірдің жақындарымен тұрақты байланыс орнатқан. Сонымен қатар дипломаттар Вьетнамның тиісті органдарымен бірлесіп әрекет етуде. Қазіргі таңда қыздың нақты қай жерде жүргенін анықтау бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында», – деп мәлімдеді министрлік.
Қазіргі уақытта іздестіру шаралары жалғасуда. Туыстары ақпараттың кеңінен таралуы Әсем Әубәкірдің орналасқан жерін тезірек анықтауға мүмкіндік береді деп үміттенеді. Егер біреулерде қыз туралы қандай да бір мәлімет болса, оның жақындары бұл ақпаратты дереу құқық қорғау органдарына немесе Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктеріне жеткізуді сұрайды.
Айта кетейік, соңғы рет ол 6 наурыз күні сағат 14:42 шамасында Хошимин қаласында жүрген кезде туыстарымен байланысқа шыққан. Сол сәттен кейін жақындары қызбен қайта байланыса алмай отыр.
Әсемнің жоғалып кеткені туралы алғаш болып оның әпкесі әлеуметтік желіде хабарлап, көмек сұраған. Туыстарының айтуынша, қыз жоғалар алдында Вьетнамның басқа қаласы – Ханойға баруды жоспарлаған. Сондай-ақ оның жанында көп мөлшерде қолма-қол ақша болмағаны айтылды.
Жақындарының мәліметінше, жоғалардан аз уақыт бұрын Әсем өзін біреулер аңдып жүрген болуы мүмкін екенін айтқан. Осы сөздерден кейін көп ұзамай онымен байланыс толықтай үзіліп кеткен.
Последние новости