Wildberries Астана мен Алматыда дәу қоймалар салмақшы

04.08.2026 14:30 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Wildberries Астана мен Алматыда дәу қоймалар салмақшы
144
Фото: Alexey Belkin/globallookpress.com/picture alliance

Ресей аумағындағы логистикалық орталықтары ұшқышсыз ұшақтардың шабуылына ұшыраған Wildberries компаниясы 2027 жылдың басында Астана мен Алматыда ірі қоймаларын іске қосуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Politico.kz.

Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің мәлімдеуінше, жаңа қойма кешендерінің құрылысы қаңтар мен наурыз айлары аралығында аяқталады. Атап айтқанда елордада 160 мың шаршы метр аумақты алатын логистикалық хаб салынса, Алматыдағы нысанның көлемі 100 мың шаршы метрді құрайды. Астанадағы жобаға құйылатын инвестицияның жалпы көлемі 47,7 млрд теңге немесе $97,8 млн шамасында бағаланып отыр.

Қазіргі таңда маркетплейс еліміз бойынша жалпы ауданы 46 мың шаршы метрді құрайтын орындарды жалға алып отыр, ал жаңа жобалар толық іске қосылғаннан кейін компанияның қойма қуаттылығы бестен астам есеге ұлғаймақ. Осыған дейін желіде маркетплейс Ресейдегі жағдайларға байланысты Қазақстаннан қосымша орын іздеп жатыр деген ақпарат тараған кезде, министрлік бұл мәселе бойынша компаниядан ешқандай өтініш түспегенін мәлімдеген болатын.

Айта кетейік, 2026 жылдың шілде айының ортасынан бастап Украина қарулы күштері Ресейдің түрлі аймақтарында орналасқан Wildberries қоймалары мен логистикалық орталықтарына ұшқышсыз ұшақтармен тұрақты түрде шабуыл жасап келеді. Тамыз айының басындағы мәліметке сәйкес маркетплейстің 18-ге жуық ірі нысаны соққыға ұшыраған.

Осы орайда Арман Шаққалиев Ресейдегі шабуылдар салдарынан зардап шеккен қазақстандық кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан ешқандай өтемақы төленбейтінін және бұл мәселе Сауда министрлігінің құзыретіне кірмейтінін ескертті.

Войдите, чтобы оставить комментарий