Министрлік Wildberries қоймаларының Қазақстанға көшуіне қатысты жауап берді

29.07.2026 16:04 Қарақат АСЫЛОВА
Министрлік Wildberries қоймаларының Қазақстанға көшуіне қатысты жауап берді
223
Фото: Wildberries

Ресейлік басылымдардың Wildberries маркетплейсі дрон шабуылдарына байланысты өз қоймаларын Қазақстанға көшірмек деген ақпаратына қатысты Сауда және интеграция министрлігі түсініктеме берді, деп хабарлайды Politico.kz.

Ведомствоның мәліметінше қазіргі уақытта халықаралық сауда платформасынан ел аумағында қосымша қойма ашуға немесе көшіруге байланысты ешқандай ресми өтініш түспеген. Егер компания тарапынан нақты ұсыныс жасалса, мәселе ұлттық мүдде мен заң талаптарына сәйкес қаралатыны белгілі болды.

«Қазақстанның транзиттік және логистикалық әлеуеті жоғары. Осыған байланысты Министрлік заманауи қойма және логистикалық инфрақұрылымды дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ трансшекаралық электрондық сауданы ілгерілетуге бағытталған инвестициялық жобаларды қолдайды. Сонымен қатар тауарларды тасымалдау, сақтау және айналымға шығару процестері Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен және Еуразиялық экономикалық одақтың құқықтық нормаларымен реттеледі. Осыған байланысты нарықтың жекелеген қатысушылары үшін қандай да бір ерекше жағдайлар немесе арнайы талаптар көзделмеген», – деп мәлімдеді Сауда және интеграция министрлігі.

Бұған дейін ресейлік БАҚ Wildberries логистикалық нысандарындағы өрт пен ұшқышсыз ұшақтардың шабуылынан кейін компания басшылығы Қазақстаннан 100 мың шаршы метрге жуық қойма іздей бастағанын жазған болатын. Басылым дереккөздерінің сөзіне қарағанда маркетплейс нарықтағы орын тапшылығына қарамастан қолжетімді барлық алаңды жалға алуға дайын, ал мұның басты себебі негізгі логистикалық қуаттарды Ресейдегі дрон шабуылдарынан қорғау және тәуекелдерді азайту екені айтылған еді.

Войдите, чтобы оставить комментарий