Яндекстегі ақаудан кейін депутат Бас прокуратураға тексеріс жүргізуді ұсынды
Қазақстанда Yandex Go қызметінің істен шығуы енді азаматтардың жеке деректерінің қауіпсіздігіне қатысты мәселеге ұласты. Құрылтай депутаты Ләззат Жылқыбаева қазақстандықтардың мәліметтері шетелге заңды түрде беріліп жатыр ма деген сұрақ көтеріп, тексеріс жүргізуді талап етті, деп хабарлайды Politico.kz.
Депутат бұл мәселені Құрылтай отырысында көтеріп, Бас прокурор Берік Асылов пен Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевке депутаттық сауал жолдады.
11 қазанда Қазақстанда Yandex Go арқылы такси шақыру және курьерлік жеткізу қызметтері істен шыққан болатын. Компания мұны шетелдегі инфрақұрылымда болған ақаумен түсіндірген.
Ләззат Жылқыбаеваның айтуынша, министрлік қазақстандық пайдаланушылардың жеке деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын мәлімдеген. Алайда жүйенің кейбір бөліктері Қазақстаннан тыс жерде екенін де растаған.
Депутатты алаңдатқан мәселе де осы.
«Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді», – деді ол.
Осыған байланысты депутат Yandex Go қызметіне қатысты қазақстандықтардың жеке деректерін шетелге беру тәртібінің заңдылығын тексеруді сұрады.
Айта кетейік, кейбір БАҚ сервистің істен шығуына Ресейдегі компанияның деректер орталықтарына жасалған ұшқышсыз ұшақ шабуылдары себеп болғанын жазды. Алайда компанияның өзі ақауды шетелдегі инфрақұрылым жұмысының бұзылуымен түсіндірген.
Қазақстанда жүздеген адамның жеке дерегі ашық жарияланған
Депутат сауалында басқа да дерек таралу оқиғаларын мысалға келтірді.
Оның айтуынша, Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы 529 қызметкерінің жеке мәліметтерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған.
Ал Семей қаласында қызметкерлердің деректерімен қатар 344 кәмелетке толмаған баланың мәліметтері де көпшілікке қолжетімді болған.
«Бұл деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеті болмаған. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған», – деді Жылқыбаева.
Депутат әсіресе балалардың мәліметтерін қорғау маңызды екенін атап өтті. Өйткені олардың мекенжайы, оқитын мектебі, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы жеке өміріне қауіп төндіруі мүмкін.
Депутат қандай шаралар ұсынды?
Ләззат Жылқыбаева Бас прокуратура мен жауапты министрлікке бірқатар ұсыныс жолдады.
Атап айтқанда, ол 11 қазандағы Yandex Go ақауына байланысты жеке деректердің шетелге берілу заңдылығын тексеруді, әлеуметтік мекемелер мен оларға қызмет көрсететін компаниялардың азаматтар туралы ақпаратты қалай жинайтынын анықтауды сұрады.
Сондай-ақ депутат биыл маусымда қабылданған жеке деректерді ашық жарияламау және оларды бүркемелеу талаптарының орындалуын тексеру қажет деп есептейді.
Бұдан бөлек, осы сала мамандарының біліктілігін арттыруды, жергілікті атқарушы органдарға ортақ тексеру тәртібін әзірлеуді және жеке мәліметтері заңсыз жарияланған азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін күшейтуді ұсынды.
«Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады», – деп түйіндеді депутат.
Әзірге Yandex Go-дағы ақау қазақстандықтардың жеке деректерінің сыртқа тарағанын білдірмейді. Депутат көтерген негізгі мәселе – бұл мәліметтердің қайда және қалай өңделетінін, шетелге берілсе, оның заңға сәйкестігін анықтау.
Соңғы жаңалықтар