Жамбылда ұлдарын 5 жыл бойы құлдықта ұстаған өгей әкеге сот үкімі шықты

04.12.2025 17:02 Арман Ермеков
Жамбылда ұлдарын 5 жыл бойы құлдықта ұстаған өгей әкеге сот үкімі шықты
0
774
Фото: Жамбыл облысы ПД

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған балаларды аяусыз азаптап, 5 жыл бойы құл ретінде пайдаланған өгей әкеге қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталды. Сот үкімімен айыпталушы Ұзақбай Тұрбаев кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Politico.kz сайты «ҚазАқпарат» ХАА-не сілтеме жасап.

Сот талқылауы барысында тараптардың уәждері мен іс материалдары толық зерделенді. Мемлекеттік айыптаушы сотталушыға төрт жыл сегіз ай жаза тағайындауды сұраған болатын. Сот Қылмыстық кодекстің «Азаптау» бабы бойынша жинақталған дәлелдемелерді негізге ала отырып шешім қабылдады. Тергеу мәліметтеріне сәйкес жасөспірімдер жүйелі түрде соққыға жығылған және қарапайым қажеттіліктерден қағылған. Бұл фактілер медициналық сараптама құжаттарымен және қоғамда үлкен резонанс тудырған бейнежазбалармен толықтай расталды.

Жарыссөз кезінде прокурор балалардың мектепке барып білім алудың орнына ауыр үй шаруасымен айналысып, мал бағуға мәжбүр болғанын атап өтті. Балалардың физикалық дамуы жасына сәйкес келмейтіні, олардың әбден жүдеп, күтімсіз қалғаны анықталды. Күтімді қиындатпау мақсатында өгей әке олардың шашын тақырлап алып тастаған. Сотталушы бұл әрекетін ұл бала қысқа шашпен жүруі тиіс деген дәстүрмен түсіндіруге тырысты.

Айыптаушы тарап бұл жағдайлардың «Білім туралы» және «Неке және отбасы туралы» заңдардың талаптарына қайшы келетінін алға тартты. Аталған заңдар ата-анаға баланың орта білім алуын, денсаулығы мен дұрыс өмір сүру жағдайын қамтамасыз етуді міндеттейді. Қорғаушы жақ Тұрбаевтың діндарлығын оң сипаттама ретінде ұсынғанымен, прокурор оның ұстанымдары Қазақстандағы дәстүрлі ислам қағидаларына сай келмейтінін және теріс ағым белгілері бар екенін айтты.

Сотталушының өзі кінәсін мойындаудан бас тартып, істің қолдан ұйымдастырылғанын және балалардың отбасына оралғысы келетінін мәлімдеді. Тұрбаевтың адвокаты балалардың адам сияқты өмір сүргенін, дауыс көтеру кез келген отбасында болатынын алға тартты. Сондай-ақ қорғаушы туған әкенің тек алимент төлеумен шектелгенін, ал Тұрбаевтың нағыз әкелік қамқорлық көрсеткенін айтып, толық ақтауды сұрады. Алайда сот айыптау үкімін шығарды. Қорғаушы тарап шешіммен келіспейтінін және апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Еске сала кетейік, екі жасөспірім биылғы тамыз айының басында Талас ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен құтқарылған болатын. Олар 5 жылдан астам уақыт бойы еркінен тыс мал бағуға жегілген. Балалардың ұялы телефондары тартып алынып, жоғалған әрбір қой үшін таяқ астына алынған. Полиция қызметкерлері әлеуметтік желіде тараған қажыған балалардың видеосынан кейін оларды қауіпті ортадан жедел алып шыққан еді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий